Кәсіп бастаймын деген жандар шағын несие жайлы нені білуі керек?

Автор: редактор 27 Наурыз, 2024


Кәсіп бастаймын деген жандар шағын несие жайлы нені білуі керек?

Соңғы уақытта кәсіп ашып, қаржылай еркіндікке қол жеткізгісі келетін жандарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Соның бірі – шағын несие. Мәселен, 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 2023 жылы бөлінген қаражат есебінен жастарға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін 5 658 микрокредит берілген. Ендеше несиенің шартымен танысып өтіңіз.

📍Кредитті қандай мақсатта алуға болады?

2,5%-дық микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында беріледі.

Конкурстық комиссияның шешімімен үздік деп танылған жас кәсіпкерлердің бизнес-жобалары микрокредит ала алады.

◼️ Микрокредит шарты қандай?

* Несие бағдарламасына тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған жеке кәсібі бар, 35 жасқа толмаған жастар қатыса алады. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі.
* Несиенің ең жоғары сомасы – 5 млн теңге (кепіл қою міндетті).
* Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.
* Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына – 7 жыл, өзге кез-келген мақсат үшін – 5 жыл.

📌 Кұжаттарды қайда өткізеді?

* Микрокредит алуға ниетті адам құжат қабылдау науқаны басталған соң «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жергілікті филиалдарының біріне жүгінуі керек. Үміткер оған қажет құжаттарды (құжаттар тізімі – келесі бөлімде) ұсынады.
* Аграрлық несие корпорациясы құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен ондағы мәліметтер микрокредиттеу шарттарына сай келмесе, себебін көрсете отырып құжаттарды иесіне қайтарады.
* Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде құжаттар мен бизнес жобаға бағалау жүргізіледі.
* Бизнес жобаны бағалаудан кейін 3 жұмыс күні ішінде нәтижесін конкурс комиссиясына ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді.
* Бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы айына ең кемі бір рет өткізіледі.
* Үздік бизнес жоба иелері халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және Аграрлық несие корпорациясымен микрокредит беру туралы шартқа және кепіл шартына қол қояды.
* Кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін Аграрлық несие корпорациясы 5 жұмыс күні ішінде үміткердің шотына микрокредит сомасын аударады.

📂 Қандай құжаттар талап етіледі?

Микрокредит алуға үміткер келесі құжаттарды Аграрлық несие корпорациясына ұсынады:

1. Микрокредит алуға сауалнама-өтініш;
2. Жеке басты куәландыратын құжат;
3. Кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге, сондай-ақ кредиттік есепті алушыға кредиттік есепті беруге келісімі;
4. Субъектінің мемлекеттік (оның ішінде құқық қорғау)/мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалу-орындалмауы туралы барлық мәліметті беруге және алуға келісімі;
5. Бизнес-жоспар;
6. Қарыз алушының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі;
7. Агенттің ішкі құжаттарына сәйкес ресімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі;
8. Қызмет көрсететін банктен шоттың бар екені туралы анықтама;
9. Несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болса);
10. Қарыз алушының жалақысын, өзге де кірістерін растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорының үзінді көшірмесі);
11. Бағалау туралы есеп;
12. Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

1, 3 және 4-нөмірдегі құжаттар кредитордың қатысуымен толтырылады.

💸 Бюджеттен қанша қаржы бөлінген?

2023-2025 жылдары 90,5 млрд теңге сомасына 18,2 мың микрокредит беру жоспарланған. Оның ішінде:

* 2023 жылы – 28,9 млрд теңге сомасына 5,8 мың микрокредит;
* 2024 жылы – 30,3 млрд теңге сомасына 6,1 мың микрокредит;
* 2025 жылы – 31,3 млрд теңге сомасына 6,3 мың микрокредит.

🤔 Бағдарлама қай жылға дейін жалғасады?

Қазақстан президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2029 жылға дейін жастарға микрокредит беріледі деп көрсетілген.