Кайдзен әдісімен көпшілік алдындағы қорқынышты жеңуге арналған ТОП-3 кеңес

Автор: редактор 12 Желтоқсан, 2023


Кайдзен әдісімен көпшілік алдындағы қорқынышты жеңуге арналған ТОП-3 кеңес

📍Көп адам үлкен ортаға тап болған уақытта қысылып, қол-аяғы дірілдеп, өз ойын еркін жеткізе алмай жатады. Мұның себебін әркім өз бетінше тізбектейді.

📍Солардың басым көпшілігіне кішкентай кезінде немесе белгілі бір жаста орын алған келеңсіз жайттар, сәтсіздіктер, адамдардың ойы мен пікірі себеп болып жатады.

✔️ Кайдзен әдісімен қорқынышты қалай жеңеміз?

Кайдзен әдісі көпшілікке үздіксіз әрі тұрақты түрде дамуды үйретеді. Жапониялықтардың ойлап тапқан бұл әдісінің басты мақсаты – күнделікті алға жылжып отыру. Осылайша, кішкентай қадамдармен, үлкен нәтижеге қол жеткізу.

Масааки Имаи «Кайдзен: жапондық компаниялардың жетістікке жету кілті» атты кітабында бір минут принципін ерекше атап өтеді.

Ендеше осы 1 минут тәсілін қалай қолданамыз.

📌 1 минут ішінде көпшілік алдына шығуға арналған жаттығуларды жасау. Ең алдымен тапсырмаларды жазып алыңыз. Мысалы, кейде ойыңызда тұрған тапсырмаларды бір күн немесе жарты сағат істеп отыру қиындық тудырады. Ал кайдзен бойынша тапсырма қаншалықты ауыр әрі жағымсыз болсын, оны тек 1 минут отырып орындауға болады.

✔️Осылайша күн сайын сізге қиын болып көрінетін кез келген іске бір минутыңызды арнайсыз. Мәселен, көпшілік алдына шығуға дайындықты атап өтуге болады.

Егер сіздің де бойыңызда аталмыш комплекс бар болса, жазбаны оқып болған соң міндетті түрде пайдаға асырыңыз.

📍1. Өзіңізге деген құрметіңіз жоғары болсын. Өзіңізді жақсы көру үшін күнделікті әрі тұрақты түрде айнаға 1 минут қарап, айнадағы адаммен сырласқаны абзал. Сіздің рухыңызды, көңіл-күйіңізді көтеретін жылы сөздермен құлағыңыздың құрышын қандырыңыз. Таңертең және кешкі уақытта осы әдісті қолданып тұрсаңыз, нәтижеге де тез жетесіз.

📍2. Осындай көпшілік ортада сіз әрдайым қызығып қарайтын 2-3 адамның жақсы қасиеттерін көшіруге тырысыңыз.

Олардың өздерін ұстау тәртібіне, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, мимикасына, өмірлік ұстанымы мен тәжірибесіне зерттеу жүргізіңіз. Осылайша, сіздің болмысыңызға сай келетін әрекеттерін ұрлап, күнделікті 1 минут дайындалыңыз.

📍3.Өмірдегі үлкенді-кішілі жетістіктеріңізді еске алып тұрыңыз. Қағазға тізіп жазсаңыз, тіптен керемет. Осы тәртіппен өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырыңыз. Өзіңізді ешкіммен салыстырмаңыз! Сіз жеке тұлғасыз, басқа адамның қолынан келген іс сіздің де қолыңыздан да келеді! Бәріне уақыт пен шыдамдылық, тынымсыз еңбек қажет.

📍Есіңізде болсын, “ұялмаған бұйырмағанды алады”. Сондықтан әркез өзіңіздің жеке ойыңыз бен пікіріңізді айтудан, бөлісуден қымсынбаңыз!

📍Ұялшақтық, қорқу сынды жағымсыз дүниелер тек сіздің ойыңызда қалыптасқан. Егер мықты боламын, биіктерге өрлеймін десеңіз аталған кемшілігіңізбен жұмыс істеңіз!