“Кальмар ойыны” сериалының жұлдызы Ли Джон Джэнің жетістік жолы мен өмірі
🎬 Ли Джон Джэ — Оңтүстік Кореяның танымал актері әрі сән сахнасының жұлдызы. Өмір жолында ұзақ уақыт бойы кәсіби тоқырауды бастан өткерген ол 50 жасқа толар алдында әлемдік деңгейдегі танымалдыққа ие болды. Өнер иесі Netflix тарихындағы ең ауқымды жоба “Кальмар ойыны” сериалында басты рөлді ойнап, шығармашылығы жаңа серпін алды. Ендеше назарларыңызға оңтүстіккореялық актердің жетістік жолын ұсынамыз.
📍Балалық шағы мен жастық кезі
Ли Джон Джэ 1972 жылдың 15 желтоқсанында Сеулде дүниеге келді. Сұхбаттарының бірінде актер өзінің ауқатты отбасында дүниеге келгенін, бірақ мектеп жасына жеткенде отбасының қаржылай жағдайы нашарлап кеткенін айтқан. Қаражы тапшылығынан мектепке төлемақы төлеу қиындап, бұл жағдай мұғалімдердің қысым көрсетуіне әкелген.
Жасөспірім кезінде Джон Джэ кафеде жұмыс істеген. Сол жерде оның тартымдылығын байқаған белгілі дизайнер Лиді модель ретінде бақ сынап көруге шақырады. Кездейсоқ кездесуден кейін ол бірнеше жыл сән сахналарында жүріп, фотосессияларға қатысты. Оның шоколад жарнамасына түсуі танымалдыққа жол ашып, түрлі фильмге шақырулар түсе бастайды. Бірақ алғашқы жобадан кейін актер мамандыққа дайын емес екенін түсініп, білімін жетілдіру үшін Тонгук университетінің театр өнері факультетіне оқуға түседі. Бос уақытында актерлік шеберлік бойынша жаттықтырушымен тынбай еңбектенеді.
📽️ Фильмографиясы
Джон Джэ кино әлеміндегі дебютін 1993 жылы “Айдаһар мұғалімі” дорамасынан бастады. Осы жобадан кейін оған толықметражды фильмдер мен телесериалдарда басты рөлдер ұсыныла бастады. Алғашқы ірі жобасы — “Жас жігіт” атты криминалдық драма болды. Бұл рөлі үшін Ли “Көгілдір айдаһар” және “Үлкен қоңырау” сыйлықтарын жеңіп алды. Кейінірек “Сезімдер” атты студенттік дорамадан кейін актер бүкіл елге танымал болды.
1998 жылы Джон Джэ “Күншығыс қаласы” драмасында ойнап, “Көгілдір айдаһар” сыйлығын тағы да жеңіп алды. 2000 жылы “Теңіз жағасындағы үй” мелодрамасында басты рөлді сомдады. Бұл фильмнің авторлық құқығын Warner Bros. сатып алып, кейін “Көл жағасындағы үй” ремейкі жарық көрді. Ондағы Ли ойнаған кейіпкерді Киану Ривз сомдады.
2003 жылы актер “О, бауырлар!” комедиясында ойнап, фильм 3 миллионнан астам көрермен жинады. Алайда, бұл рөлден кейін Ли экраннан екі жылға жоғалып кетті. Ортақ табысқа жету үшін ол 2008 жылы театр сахнасында дебют жасап, жаңа шығармашылық ізденістерге кірісті.
2010 жылы Ли Джон Джэ эротикалық “Қызметші” триллерінде басты рөлді сомдады. Фильм Канн фестивалінде және Торонто кинофестивалінде көрсетіліп, азиялық және корейлік бірнеше марапатқа үміткер болды. Осыдан кейін актердің мансабы қайта жандана бастады. 2012 жылы “Ұрылар” фильмінде ойнады, ал 2015 жылы “Қанішерлер” тарихи боевигі арқылы үлкен танымалдылыққа ие болды.
2022 жылы Ли режиссер ретінде дебют жасады. Ол “Аңшылық” атты тыңшы триллерін жазып, басты рөлде ойнады.
🎞️ “Кальмар ойыны”
Ли Джон Джэнің 2021 жылы Netflix платформасында көрсетілген “Кальмар ойыны” драмасындағы Сон Ки Хун кейіпкері арқылы жұлдызы жанды. Сериал әлемнің 90-нан астам елінде көрерменнің жоғары бағасына ие болды. 2022 жылы актер “Эмми” сыйлығын жеңіп алды.
Сериалдың екінші маусымы 2024 жылы желтоқсанда жарық көрді. Ли осы жобадағы рөлін қайталап, көрермендердің сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласына тағы да бөленіп жатыр.
📍Бүгінде Ли Джон Джэ мансабының шыңына табан тіреді. Ол халықаралық жобаларда, соның ішінде “Жұлдызды соғыстар” әлеміне негізделген “Аколит” сериалында басты рөлді сомдады. Ли Джон Джэ — өнері мен өмірі үйлескен актер.