Әлихан Бөкейхан: Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сыңды дәрменсіздік

Автор: редактор 05 Наурыз, 2024


Әлихан Бөкейхан: Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сыңды дәрменсіздік

✔️ Бүгін – қазақтың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туған күні. Осы тұста #Үйдежатпа ұжымы қоғам қайраткерінің өмір жолы мен нақыл сөздерін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрді.

📌 Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Ата тегі – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы – атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед туады.

🔺Кішкентайынан зеректікті бойына сіңірген Бөкейханов Қарқаралыдағы ауыл молдасынан арабша білім алады. Кейіннен қаладағы үш сыныпты, орыс тілді бастауыш мектепке ауысады. Оны тәмамдаған соң, 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепке қабылданады. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеге түседі. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқуын жалғастырады.

🔺1917 жылы Әлихан қазақ тарихындағы алғашқы саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кірісіп, желтоқсан айында Алаш автономиясын жариялайды. Осылайша Алашорда үкіметі құрылады. Қазақ даласындағы тұңғыш үкіметтің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов тағайындалады.

1920 жылы Алаш автономиясы дәуірі аяқталып, оның мүшелері қудалауға ұшырайды. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылып, сонда 10 жыл бойы үй қамақта отырады.

🗣️Нақыл сөздері:

▪️Жапонда кісі қажетіне жаратылмаған алақандай жер жоқ. Онда мұндай ыждаһатты жанкештілік болмаса аштан өлесің.

▪️Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сыңды дәрменсіздік.

▪️Тіршілік-ғұмыр белгісі – алыс-тартыс, арбау-әдіс.

▪️Шыңғыс хан дүниені алды – артында түк белгі қалған жоқ. Ақсақ Темір дүниені алмаса да – артында Самарқанд, мешіт, медреседей белгі қалды. Шыңғыс – көшпелі, Ақсақ Темір – отырықшы.

▪️Білім – біліммен, мінез – мінезбен. Көп оқыса, зейінді болса – білімді болмақ, ал мінезі жақсы бола ма әлде жаман бола ма – мұны құдай біледі.

▪️Ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын.