“Наурыз” ипотекалық бағдарламасының негізгі шарттары қандай?

Автор: редактор 23 Мамыр, 2024


“Наурыз” ипотекалық бағдарламасының негізгі шарттары қандай?

🏠 Баспаналы болуды жоспарлағандар үшін тиімді бір мүмкіндік бар. Бұл –“Наурыз” атты жаңа ипотекалық бағдарлама. Өтінім берушілерге “Отбасы банкінен” депозит ашу мерзіміне талап қойылмайды. Тек шотта 1 млн тг болуы шарт және кейінгі 5 жылда атында үй болмауы керек.

💸 Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі:

▪️халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар үшін (ХӘОТ) – 7%(ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);

▪️тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар, қандастар мен Қазақстан Республикасының өзге де азаматтары үшін – 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін).

Заемның ең жоғары сомасы (жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде):

• Астана, Алматы қалалары үшін 36 млн теңгеге дейін.
• ҚР қалған өңірлері үшін 30 млн теңгеге дейін.

Алғашқы жарна: заем сомасының 20%-нан бастап;

Несиелеу мерзімі – 19 жылға дейін;

🟢 Қарыздың нысаналы мақсаты:
Тұрғын үй сатып алу, бір банктік қарыз шарты шеңберінде тұрғын үй сатып алу және бастапқы тұрғын үйді жөндеу.

Заем сомасының 50% жинақталғаннан кейін заем бойынша мөлшерле жылдық 3,5% (ЖТСМ 3,6% бастап 4,4% дейін) бастап жылдық 5% (ЖТСМ 5,1% бастап 6,9% дейін) төмендейді;

🟢 ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР:

Жинақтау мерзімі: Отбасы банкінде депозит ашу қажет (жоқ болған жағдайда), алайда салым мерзімі ескерілмейді.

Депозиттегі жинақтың ең аз сомасы: кемінде 1 млн теңге (Бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтте депозитте кемінде 1 млн теңгеге тең болуы тиіс. Жинақтау сомасы бұдан төмен депозиттер бағдарламаға қатыстырылмайды). Бұл соманы бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында аударуға болады.

Тарифтік бағдарламалар: «Табысты», «Жинақ», «Арнау» тарифтік бағдарламаларын қоспағанда, барлық тарифтік бағдарламалар («Табысты», «Жинақ» және «Арнау» тарифтік бағдарламалары шеңберінде ашылған депозиттер бағдарламаға қатыстырылмайды).

Басқа тұрғын үй бағдарламаларына қатыспау: Салымшыда «Кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға алу» және «Отау» бағдарламаларына қатысушы мәртебесінің болмауы.

Салымшыда инкассалық өкімдер және төлем талаптары түріндегі шектеулердің болмауы: депозит қолданысына тыйым салу, инкассалық өкімдер және төлем талаптары түріндегі шектеулерден бос болуы керек.

🟢 ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ЖАЛПЫ ТАЛАПТАР:

Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе Қандас мәртебесі;

Өтініш берген кезде қатысушының жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы керек;

Соңғы 6 ай ішінде ресми табысының болуы (Кірістерге еңбек қызметінен түскен жалақы, кәсіпкерліктен түскен пайда, ақылы қызмет көрсету шарты бойынша түскен табыс, жәрдемақылар, стипендия және тұрғын үй төлемдері кіреді. Егер бағдарламаға қатысушының табысы жеткіліксіз болса, онда ол кепілгер болатын екі қарыз алушыны (туысқандық қатынастың болуы міндетті емес) тарта алады);

Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдің болмауын және тұрғын үймен жасалатылған операциялардың болмауын тексеру. Отбасы мүшелеріне: күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады. Егер қатысушы некеде болмаса, онда тұрғын үйдің бар-жоқтығы тек өзінен тексеріледі. Бағдарламаға қатысушылардың ата-аналарынан тұрғын үйдің бар-жоғын тексермейді;

Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде (18 жасқа дейінгі балалар) соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасы бойынша кез келген жылжымайтын мүлік түрінің болмауы;

Бір салымшы/отбасы бағдарлама шеңберінде тұрғын үйді бір реттен артық сатып ала алмайды;

Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады;

Бағдарламаға қатысқаны және заем алғаны туралы ақпаратты банктің ресми сайтында орналастыруға келісім беру (бағдарламаға қатысушылар тізімінің ашықтығы үшін).

«Наурыз» бағдарламасы бойынша қолжетімді барлық жылжымайтын мүлік «Баспана маркет» порталында орналастырылады. Бірінші жылы 300 млрд теңге сомасына 12 мың қарыз және одан әрі жыл сайын 8 мың қарыз беру үшін 200 млрд теңгеден беру жоспарлануда.