Әр қазақ оқуы тиіс ТОП-5 тарихи кітап

Автор: редактор 07 августа, 2024


Әр қазақ оқуы тиіс ТОП-5 тарихи кітап

1️⃣ Көшпенділер

“Көшпенділер” – Ілияс Есенберлиннің үш кітаптан тұратын тарихи эпопеясы. Бұл шығарма – қазақ сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі, партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Трилогия “Алмас қылыш”, “Жанталас”, “Қаһар” деген бөлімдерден тұрады. “Көшпенділер” трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни XV–XIX ғасыр аралығындағы Қазақ хандығының кезеңі суреттеледі. Шығарма кейіпкерлері, негізінен, тарихи тұлғалар, Шыңғыс хан дәуірінен басталып, Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстау тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы – ақын-жыраулар, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін жан аямай шайқасып, Отанын қорғай білген батырлар. Бұлар ел есінде аттары жатталып, тарихта қалған, өмірде болған тұлғалар.

2️⃣ Алтын орда

Ілияс Есенберлиннің “Алтын Орда” тарихи роман-трилогиясы ерте заман кезеңдерін  баяндайды, соған қарамастан, ол қазақ халқының этногенезін дамыту және оның болашақ мемлекеттігін қалыптастыру үшін аса маңызды мәнге ие.

Ілияс Есенберлин шығармаларының негізгі мақсаты – тарихи оқиғалар арқылы адам өміріндегі көркемдік ақиқатты айтуға ұмтылу. Еңбектерінде тарихи тақырыпты игерудегі жаңашылдығы ерекше көзге түседі. Тақырыбы мен негізгі идеясы бір-біріне ұқсамайтын шығармалар қатары жазушының қуаты мен шеберлігін ерекшелейді. Туындылары реалистік көзқараста баяндалған.

3️⃣ Қан мен тер

Қан мен тер — Әбдіжәміл Нұрпейісовтың трилогиясы.

Роман үш кітаптан тұрады: 1) Ымырт (1961 жылы жарияланды), 2) Сергелдең (1964), 3) Күйреу (1970).
Майданнан қайтқан жас офицер Әбдіжәміл туған жерімен қаншама сағынып қауышса, оған деген махаббатын роман жанрының кең байтақ өрісінде шын жүректен жырлап шығуға соншама ынтыққандығын шығармашылығынан айқын аңғартады.

“…Әлі күнге бір бүйірің ауыл өміріне бұрып тұрады. Қанша қашыққа шырқап кетсең де, бойыңдағы бір тамырың туған жеріңнің топырағында бүлк-бүлк етіп соғып жатқандай. Кей күні… сен әлденеге өзек аузында жалғыз үй отырған балықшы шалдың қамыс қосын, жұпыны жиһазын, жалпылдақ шамын есіңс аласың. Өз үйің жайнап тұрса да, саған осынау балық сасыған кішкентай қос ыстық. Қос ішінде, ақ иық қылған ауыр еңбектен болар, жан әкең сілесі қатып шаршаған. Күнге күйген жылтыр қара бетінде қалжыраған ажар бар. Үні де қалжырап ақырын шығады. Сол кезде қара пұшық бала әлдеқайдан жүгіре кеп отырса болғаны, оның әжім беті іштей нұрланып елжіреп қоя береді” – дейді жазушы.

4️⃣ Аласапыран романы

“Аласапыран” роман-дилогиясы 1980-1982 жылдары жарияланды. Шығарма архитектоникасы бір адам, нақты тарихи тұлға бас қаһарман Ораз-Мұхамед сұлтанның өмір жолы, бастан кешкен сергелдеңді тағдырына негізделген. Алайда Ораз-Мұхамед куә болған, қатысқан, ұғынған дүние шындығынан ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы орыс, қазақ қоғамында орын алған қым-қуыт өзгерістер, күрт бұрылыстар сырын кең де айқын топшылау қиын емес.

Роман-дилогияның орталық тұлғасына Дәшті-Қыпшақтың падишаһы Тәуеккел ханның қалғаны (орнын басушы адам), Ұзын оқты Ондан сұлтанның баласы Ораз-Мұхамедтің алынуы орынды. Ораз-Мұхамед қазақ өлкесі мен Ресей жерін жалғастырушы буын, рухани, дипломатиялық жақындықтың жанды көрінісі. Бар саналы ғұмырын Россия патшалығында өткізгендіктен ол туралы ғылыми еңбектердегі нақты мәліметтер де сенімді.

5️⃣ Қызыл жебе

Бұл роман-трилогия Қазақстанда Кеңес үкіметін орнатуға белсене ат салысқан аса ірі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен туған ортасын, революциялық қызметін көрсетуге арналған. Шығармаға өзек болған сюжеттер Тұрардың өсу, қалыптасу, кемелдену кезеңін көрсетіп, қиын өмірдегі күрделі тартыстардың бел ортасында жүрген Тұрардың бейнесін асқақтата түседі. Шығарманың өн бойында кездесетін кейіпкерлердің қай-қайсысының да өзіндік ерекшелігі, мақсат-мүддесі айқын суреттеліп, жазықсыз жапа шеккен жандардың өзара ыстық ықыласы мен достығы әсерлі де нанымды бейнеленеді. Шерхан Мұртазаның халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Тұрар Рысқұловты «тірілткен» “Қызыл жебе” роман-эпопеясы ұлттың рухын көтерген бірден бір шығарма.