Әр қазақ оқуы тиіс ТОП-5 тарихи кітап
Қазақ халқының өткені — ұлт рухының, болмысымыздың, бүгініміздің алтын арқауы. Назарларыңызға әр қазақ оқуы тиіс бес тарихи шығарманы ұсынамыз.
1️⃣ Көшпенділер
“Көшпенділер” – қазақ әдебиетіндегі ең ауқымды тарихи эпопеялардың бірі. Авторы — Ілияс Есенберлин. Үш кітаптан тұратын бұл трилогия (“Алмас қылыш”, “Жанталас”, “Қаһар”) XV–XIX ғасырлар арасындағы Қазақ хандығының қилы тағдырын баяндайды. Шыңғыс ханнан бастап Кенесарыға дейінгі тарихи тұлғалар, хандықтардың құрылуы, ел үшін жанын берген батырлар мен сөз бастаған жыраулардың бейнесі – барлығы осы эпопеяда шебер суреттелген. Есенберлин бұл еңбекті партиялық цензураның қыспағында жүріп жазып шыққанымен, қазақ рухын оятқан, елдік сананы жандандыруға үлес қосқан шедевр қалдырды.
2️⃣ Алтын орда
Тарихи тереңге бойлаған бұл трилогияда түркі өркениетінің ұлы кезеңі – Алтын Орда дәуірі сипатталады. Романда ел тағдырын, мемлекет іргесінің қалануын, ұлы даладағы билік пен бірліктің күрделі жолын көркемдікпен өрнектеген. Есенберлин бұл туындысында тек өткенді баяндап қоймай, ұлт болмысы мен рухын жаңғырту жолында жазушылық жауапкершілікпен қалам тербеген.
3️⃣ Қан мен тер
Әбдіжәміл Нұрпейісовтың аталған трилогиясы — халық пен уақыттың тынысын тап басып бейнелеген күрделі шығарма. Үш кітаптан тұратын роман («Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу») Арал өңіріндегі балықшы ауыл өмірі арқылы кеңестік жүйенің ауыр көлеңкесін, қарапайым халықтың тағдыр-талайын терең суреттейді. Автор өзі өскен топырақты шексіз сағынышпен жырлайды. Туған жер, әділет, азат ой, тағдырлы адамдар – бәрі де бұл шығармада шынайы тілмен бейнеленеді.
“…Әлі күнге бір бүйірің ауыл өміріне бұрып тұрады. Қанша қашыққа шырқап кетсең де, бойыңдағы бір тамырың туған жеріңнің топырағында бүлк-бүлк етіп соғып жатқандай. Кей күні… сен әлденеге өзек аузында жалғыз үй отырған балықшы шалдың қамыс қосын, жұпыны жиһазын, жалпылдақ шамын есіңс аласың. Өз үйің жайнап тұрса да, саған осынау балық сасыған кішкентай қос ыстық. Қос ішінде, ақ иық қылған ауыр еңбектен болар, жан әкең сілесі қатып шаршаған. Күнге күйген жылтыр қара бетінде қалжыраған ажар бар. Үні де қалжырап ақырын шығады. Сол кезде қара пұшық бала әлдеқайдан жүгіре кеп отырса болғаны, оның әжім беті іштей нұрланып елжіреп қоя береді” – дейді жазушы.
4️⃣ Аласапыран романы
“Аласапыран” роман-дилогиясы 1980-1982 жылдары жарияланды. Негізгі кейіпкер – Ораз-Мұхамед сұлтан. Қазақ пен орыс әлемі түйіскен тұста өмір сүрген тарихи тұлғаның тағдыры арқылы сол дәуірдегі саясат, мәдениет, күрделі өзгерістер мен дипломатиялық қатынастар кең ауқымда ашылады. Алайда Ораз-Мұхамед куә болған, ұғынған дүние шындығынан ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы орыс, қазақ қоғамында орын алған қым-қуыт өзгерістерді, күрт бұрылыстар сырын кең де айқын топшылау қиын емес.
5️⃣ Қызыл жебе
Бұл роман-трилогия қазақ халқының аяулы ұлы, кеңестік кезеңде әділет пен азаттық үшін күрескен қайраткер Тұрар Рысқұловтың өміріне арналған. Шығарма Тұрардың балалық шағынан бастап, саяси аренадағы күрделі кезеңдерге дейінгі өмірін шынайы суреттейді. Жазушы кейіпкері арқылы халыққа қызмет етудің, әділдік пен адалдықтың құнын ұғындырады.
Шығарманың өн бойында кездесетін кейіпкерлердің қай-қайсысының да өзіндік ерекшелігі, мақсат-мүддесі айқын суреттеліп, жазықсыз жапа шеккен жандардың өзара ыстық ықыласы мен достығы әсерлі де нанымды бейнеленеді. Шерхан Мұртазаның халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Тұрар Рысқұловты “тірілткен” “Қызыл жебе” роман-эпопеясы ұлттың рухын көтерген бірден бір шығарма.