Сіз кімсіз: Экстраверт, интроверт әлде амбиверт?

Автор: редактор 21 апреля, 2025


Сіз кімсіз: Экстраверт, интроверт әлде амбиверт?

Адам табиғаты – тұңғиық. Біреулер айналасына жарық шашып, ортаның шырайын кіргізіп жүрсе, енді біреулер өз ішкі әлемінде тұнып тұрған тереңдікпен өмір сүреді. Ал үшіншілері осы екеуінің арасын ұштастырып, кез келген жағдайға бейім бола алады. Бұл – адамның психологиялық типіне байланысты өрбиді. Себебі адам табиғатынан экстраверт, интроверт немесе амбиверт болады.☝🏻



📍Экстраверттер – өмірге ғашық жандар. Олар үшін әрбір таң – жаңа мүмкіндік, әрбір кездесу – шабыт. Олар көпшіліктің ортасында қуаттанып, адамдармен араласудан ерекше ләззат алады.



Негізі экстраверт болсаңыз, өмір сүру жеңілірек. Себебі мұндай адамдар эмоциясын сыртқа шығара алады. Мәселен, ашу-ыза, реніш сынды жағымсыз дүниелер орын алған сәтте, бірден шешуге тырысады. Ішінде сақтамайды. Өмірге тек позитивпен қарайды.

Бұған қоса олар діттеген мақсаттарына жетпейінше, тыным таппайтын жандар. Олар тәуекел етуден қорықпайды. Әрдайым жаңа мүмкіндіктерді іздеп жүреді. Келеңсіздіктер болған жағдайда, беріле салмайды. Күреседі. Талпынады. Осылайша, әрекетіне қарай белгілі бір деңгейде жетістікке жете алады.



📍Ал интроверттер «ішімдегіні тап» деп тұратын, томаға-тұйық адамдар. Олар көп жағдайда сезімдерін іште сақтап, өздеріне берілген мүмкіндіктерден айырылып қалып жатады. Олар өте сабырлы болып келеді.



Интроверт адам жалғыз қалудан қорықпайды. Керісінше, жалғыздық оларға күш береді. Кез келген іске зейінін қойып, салмақты түрде қарайды. Эмоцияға беріліп, бірден шешім шығармайды. Олар бәрімен бірдей ашылып сөйлесе алмайды. Белгілі бір адамдармен ғана қатынас құра алады. Интроверттер жалғыз қыдырып, тыныштықта сүйікті ісімен шұғылданғаннан ләззат алады.



📍Ал амбиверттер – қос әлемнің тоғысқан тұсы. Олар кейде экстраверт секілді ортада жарқырап жүрсе, кейде интроверттей тұйықталып, тыныштықты қалайды. Амбиверттер – икемді әрі жан-жақты адамдар. Олардың көңіл күйі мен әрекеті жағдайға, көңіл ауанына байланысты құбылып отырады. Бірде толқын болып жағаға ұрса, бірде терең тұңғиыққа батып кетуі мүмкін.

Амбиверттер ең бастысы – өз жүрек қалауын басшылыққа алады. Оларға мәжбүрлі әлеуметтік байланыс емес, шынайы ішкі үндестік керек. Сол үндестікпен өмір сүргенде ғана олар өздерін жайлы сезінеді.



📌 Ал сіз адамдардың қай санатына жатасыз?

Сізді шабыттандыратын не – адамдар ма, әлде жалғыздық па?
Қуанышыңызды бөліскіңіз келе ме, әлде іште сақтайсыз ба?

Өзіңізді тану – өмірді танудың алғашқы қадамы. Ал өзіңізді тапсаңыз – бақыттың кілтін тапқаныңыз.