SMART әдісімен мақсат қою: табысқа жетудің 5 қадамы
☑️ SMART әдісі – мақсаттарыңызды айқындап, оларды жүзеге асыруға көмектесетін тиімді құрал. Әр әріп мақсат қоюдың белгілі бір қағидасын білдіреді, осы принциптерге сай мақсат қою арқылы оған жету жолын нақты жоспарлай аласыз.
1️⃣ S – Specific (Нақты)
Мақсат анық әрі нақты болуы керек. Нақты мақсатқа қол жеткізу жеңіл, өйткені не істеу керек екенін білесіз.
Мысалы: “Денсаулығымды жақсарту” дегеннен гөрі “Күніне 2 литр су ішу” немесе “Аптасына 3 рет жаттығу залында спортпен айналысу” деген нақтырақ.
2️⃣ M – Measurable (Өлшенетін)
Мақсатқа жету жолында өз прогресіңізді бақылау үшін оны өлшеуге мүмкіндік болуы керек. Өлшенетін мақсаттар сізге нәтижеге қаншалықты жақындағаныңызды көрсетеді.
Мысалы: “Көп оқу” дегеннен гөрі “Айына 2 кітап оқу” деген нақты және өлшенетін мақсат болады.
3️⃣ A – Achievable (Қолжетімді)
Мақсатқа шынайы түрде қол жеткізе алатыныңызға сенімді болуыңыз керек. Мақсат тым үлкен не қол жетпестей болса, ол шабытыңызды бәсеңдетуі мүмкін. Мақсатты қоярда өз мүмкіндіктеріңізді ескеріңіз.
Мысалы: “Жыл соңына дейін миллионер болу” деп армандау жалпы әрі қолжетімсіз болуы мүмкін, ал “ай сайын табысымды 10%-ға арттырғым келеді” – деу қолжетімді әрі нақты мақсат.
4️⃣ R – Relevant (Маңызды)
Мақсат өміріңізде маңызды әрі құнды болуы қажет. Ол жалпы өмірлік мақсаттарыңызға сәйкес келуі керек.
Мысалы: “Жұмыс орнын ауыстыру” мақсат болса, оның не үшін қажет екенін түсіну маңызды. Егер жаңа тәжірибе мен табысқа ұмтылу болса, онда ол тиімді мақсат болмақ.
5️⃣ T – Time-bound (Мерзімі белгіленген)
Мақсаттың нақты мерзімі болуы керек. Бұл мерзім сізді ынталандырып, әрекетке итермелейді. Мақсатты орындау уақыты белгілі болса, соған сай жоспар құра аласыз.
Мысалы: “Жақында саяхаттау” дегеннен гөрі “Қараша айына дейін Түркияға саяхаттау үшін қаражат жинау” деп нақты мақсат қойған жөн.
Ендеше, SMART әдісін қолдану арқылы мақсаттарыңызды нақты, қолжетімді әрі мағыналы етіп жазыңыз. Сонда жетістікке бір табан жақындайтыныңыз айқын!