Ағаштан түйін түйген: Көшпелілер қолөнер шеберлерін неліктен жоғары бағалады?

Автор: редактор 21 Маусым, 2023


▪️Көшпелілердің рухани мәдениетінің өз даму ерекшеліктері бар. Бұл көшпелілердің тіршілік әрекетінен, тұрмысының ерекшеліктерінен туындады. Көшпелілер өз тұрмыс-тіршілігіне байланысты лайықты мәдениет қалыптастырған. Олардың материалдық мәдениеті көші-қонға ыңғайланып жасалған. Мұндай таза көшпелі мәдениет үлгілеріне біз жиналмалы, жығып-тігуі өте жеңіл киіз үйді, ер-тұрман, ат әбзелдерін, теріден, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарын, бесігін, басқа да тұрмыстық заттарын жатқызамыз.

🛖Киіз үй тек баспана ғана емес, сонымен қатар халықтың өмірлік салт -дәстүрінің таңбасы қызметін атқарады. Үскірік аяздан, шілденің аптап ыстығынан қорғайтын, тез жинап, тұрғыза қоятын баспанаға киіз үй өте ыңғайлы болды. Дөңгеленген сыртқы пішіні қатты желге орнықты болса, туырлықтар жауыннан кейін тез кебеді. Шаңырақ —шеңбер тәрізді шабағынан және күлдіреуіштен тұрады. Оның төбесін түндіктің жартылай ашық тұруы, бір жағынан, тұрмыс қажеттерінен туса, екінші жағынан, шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол іспеттес. Егер киіз үйге жоғарыдан төмен қарасақ, онда шаңырақ күнге, ал уық, керегелері оның сәулелеріне ұқсас. Тұрғын үй адамның өмір салтымен, оның дүниетанымымен, әлемдегі алатын орнымен тікелей қатысты.

🪡 Шаруашылық жағдайында қазақ халқы қолөнер шеберлерін жоғары бағалаған. «Ағаштан түйін түйген», «Он саусағынан өнер тамған» сияқты шебер ұсталар, тоқымашылар т.б. іскер адамдар халықтың материалдық мәдениетінің тамаша үлгілерін жасаған. Халық өнері әсіресе киіз үй жиһаздары мен ұлттық киімнен айқын көрініс тапты.

▪️Қазақ жерінде XIX ғасырда айдауда болған поляк Бронислав Залесский былай суреттейді: «Бұл бір ғажайып көрініс: олар көш кезінде, мерекедегідей жасана киінеді, ең әдемі киімдерді, әсіресе байлардың алтын зер төгіп тіккен шапандарын осы кезде көруге болады. Ауыл ақсақалы көш бастаса, ер-тоқымына қызыл шұғамен тысталған көпшік немесе кілемше жапқан атқа мінген зайыбы оның соңынан ереді… Атты, атқа салт мініп жүруді жақсы көретін бұл халық ең алдымен көлігінің әбзеліне көбірек көңіл бөледі. Ертұрман олар үшін барлықтың, байлықтың белгісіндей болып безендірілуге тиіс. Ердің алдыңғы қасын көбіне күміс қаптатып өрнектейді, тіпті қолы жеткендерінің асыл тас орнататындары да болады. Жүген, өмілдірік, құйысқан — бәрі де шебер өріліп, Шығыс үлгісіндегі өрнектермен безендіріледі».

✔️Көшпелілердің рухани мәдениеті тіптен бай. Мал шаруашылығы — егіншілікке карағанда бұқара халықтың барлығы қамтылмайтын, қамтығанның өзінде көшпелі қауымның бос уақыты көбірек болатын шаруашылық түрі. Сонымен қатар көшпелілер отырықшыларға қарағанда табиғатқа жақынырақ, онымен етене өмір сүрген. Көшпелілерде табиғатқа негізделген дүниетаным ақынжандылық, қиялшылдық, түптеп келгенде, шығармашылықпен ойлау жүйесі қатты дамыды.

▪️Көшпелілер мәдениетінің тағы бір ерекшелігі — олардың мәдениетінің көбіне көпқырлы болып келуінде. Көне заманда қазақ жерінде өмір сүрген тайпалар (сақ, ғұн, үйсін, сармат, т.б.), одан кейін орта ғасырлардағы түркілер бүкіл Еуразиялық көне және ортағасырлық өркениеттер мен әр түрлі себептер арқылы (миграция, жаулап алу, бейбіт көршілік жағдайында) араласты. Сол арқылы көшпелілер өздеріне түрлі халықтардың жақсы мәдени жетістіктерін қабылдады, өздерінің мәдени үлгілерін басқа халықтарға жұғыстырды.