Қанмен төленетін салық: Батыс түрік қағанатындағы салықтың ерекше түрі
📍Ұлы Түрік қағанаты ыдырап, оның екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекетінің бірі – Батыс Түрік қағанаты.
▪️Қағанаттың экономикалық жағдайы жақсы дамыған. Себебі қарапайым халық мал шаруашылығын көшпелі әдіспен жүргізді әрі феодалдық қатынастар едәуір дамыған отырықшы-егіншілікпен айналысты. Қағанатта қоғамдық-экономикалық қатынастардың дамуының өз ерекшеліктері болғанын айтпай кетуге болмайды.
🔍 Мәселен, VII ғасырдың бас кезінде Батыс Түркі қағаны Ябғудың ордасында болған будда монахы Сюань Цзанның жазғандары қаған руының байлығы туралы біраз ұғым береді. Қағанды аң аулап жүрген жерінде кездестірген саяхатшы аңшылар киімдерінің сәнділігіне таңғалады.
«Қаған жасыл жібек желбегей киген, — дейді ол. — Оның қасына ерген екі жүзден астам тарханы бар. Олар қамқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Басқа сарбаздары аң терісінен тігілген ішік киген, бөріктері жұмсақ матадан тігілген, қолдарына айбалта, садақ, ту ұстаған. Аттары өңшең сайгүлік. Сонымен қатар түйе, ат мінген адамдардың көптігіне көз сүрінеді».
Одан әрі қағанның киіз үйі туралы айтқанда, оның алтынмен сәнделгені соншалық, тіпті «көз қаратпайды» деп айтқан.
🔍 Ал енді тағы бір қызықты деректемелерге тоқталайық.
▪️ Қағанаттың қанауда болған бұқарасы мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері болды. Батыс түрік қағанатында олардың қалай аталғаны белгісіз. Бірақ шығыс түрік әлеуметтік терминологиясына ұксастырып, оларды «қара бұдун» деп атағаны айтылады. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда тайпалар да ақсүйек және оларға бағынышты, вассалдық, тәуелді тайпалар болып бөлінген.
◾️ Бағынышты тайпаларға және қарапайым көшпелі бұқараға жүктелген міндеткерліктер туралы жазба деректер аз. Дегенмен оның ішінде бастысы — әскери міндеткерлік болды. Нақтырақ айтсақ, «қанмен төлейтін салық» болған. Бұл міндеткерлік бойынша, вассал тайпалардың барлық жауынгер-еркектері тайпа көсемі әскерінің құрамына кіреді. Соғыс кезінде шығынының ең көбі бағынышты тайпалардың мойнына түсіп отырды. Кейде «келімсек» деп аталған бұл тайпалар соғыс шайқастары кезінде «алдағы шеп» ретінде пайдаланылған. Яғни, алғы шепке қойылған. Бұл дәстүр барлық жерлерге тараған.
◾️Бағыныштылық әрқашан алым-салық төлеумен қатар жүріп отырған. Оның үстіне бағындырылған тайпалардан, сондай-ақ соғыс қимылдары кезінде тұтқынға алынғандардан құлдар тобы қалыптасқан. Бірақ ертедегі түркілердегі «құл» деген сөзді жалпыға мәлім ұғым ретінде түсінуге болмайды. Құл тайпалар — үстем тайпаға мал және аң терісі түрінде салық төлеп тұруға міндетті болды.
◾️ Түріктердің көршілес тайпаларға шапқыншылық жасаудағы мақсаттарының бірі — құлдар алу болған. Бұл жерде әдетте, ұлдар мен қыздарды алған. Мысалы, түріктің Баһадүр қағанының 620 жылы бірнеше мың қыз баланы тұтқынға алғаны мәлім. Мәселен, сол кездегі құжаттардың бірінде «Жорықтарда тұтқынға алынған ұлдар мен қыздар, яшма мен жібек — қаған меншігіне түседі», — делінеді.
🔍 Деректемелерде мұндай мәліметтер жиі кездеседі. Тұтқын балаларды үлкен отбасылы қауымда әдетте «бала қылып алып», шаруашылыққа пайдаланды. Мұның бәрі қағанатта құлдықтың басқа түрлері болғанын да білдіреді. Мысалы, қолөнерші, қала салушы сынды құлдар еңбегінің болғанын теріске шығармайды. Осылайша ел ішінің экономикасының дамуына құлдар еңбегін де пайдаланып отырды.