“Қазақ” атауы қалай және қашан пайда болды? 

Автор: редактор 29 Тамыз, 2022


💭 «Қазақ» атауының шығуы жөнінде түрлі пікірлер бар. Бұл үрдіс XVIII ғасырдан бері жалғасып келеді, бірақ зерттеушілер әлі бір тоқтамға келген жоқ.

🔹 Бүгінгі таңда «қазақ» этимологиясының жиырмадан астам түсіндірмелері бар. Мысалы, «қазақ» деген сөз «қаз» және «ақ» деген сөздерден шыққан. «Бұл — қаздай тізілген көш керуеніне қарап қойылған ат», — дейді немесе: «қазақ» атауы «қас» (хас) — нағыз және «сақ» — көне замандағы сақтар атауынан құралған және «хас-сақ» — нағыз сақ деген ұғымды береді», — дейді.

🔹 «Қазақ» атауы жазба деректерде қай заманнан бастап кездеседі?» деген мәселе де әлі талас тудыруда. Енисейден табылған VIII ғасырдың түркі жазба ескерткішінде «қазғақ ұғлым — «қазақ ұлым” деген сөз тіркесі кездеседі. Бұл ежелгі түркілерде «бір атаның баласы» дегенді білдірсе керек. IX—X ғасырларда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жерін мекендеген үш қарлұқ тайпасының «хасақтар» деген ортақ атауы болған.

🔹Ал қарлұқтардың қазақтар этногенезіне тікелей қатысы барлығы белгілі. X ғасырдың орта шенінде Қазақстан жерінің батысынан шығысына қарай көктей өтіп Қытайға барған араб саяхатшысы Әбу Дулафтың түркі тайпаларына арналған «Рисала» деген еңбегінде «Хазлақ» деген ел аталады. Бірақ бұл атаудың арабшадан дұрыс оқылуына кей ғалымдар шүбә келтіріп жүр.

🔹X ғасырда өмір сүрген Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнама» атты дастанында Афрасиаб патша Иран шахын: «Көк теңіздің терістігінде отырған қазақ жұртымды жіберіп шапқызамын», — деп қорқытады.
X—XI ғасырларға жататын араб деректері және орыс жылнамаларында Кубань жерінде әлкасакия этностық қауымы, Қара теңіздің солтүстік-шығыс жағалауында Касаг қаласы, касогтар елі туралы деректер бар. Біздіңше, бұл деректерде XI ғасырларда, одан да бұрын Дон, Днепр, Қырым түбегіне дейінгі жерлерді жаулап алған қыпшақтар бірлестігінің бір ірі жұрты — қазақтар туралы айтылады, немесе бұл заманда «қыпшақ-қазақ? деген атаулардың бір ұғымды беруі де мүмкін.

🔹X ғасырдың орта шенінде өмір сүрген Византия императоры Константин Багрянородный: «Кавказдың солтүстік-батысында «Казахия елі» бар», — деп хабарлайды. Әзірбайжанның батысында бүгінге дейін касақ (қазақ) деп аталатын үлкен аудан бар.

🔹 1245 жылы мәмлүктік Египет мемлекетін басқарған қыпшақтар араб-қыпшақ сөздігін жасатқан. Онда «қазақ» деген сөзді «еркін, кезбё» деп аударады. Бұл терминге әлеуметтік мағына беріліп, өз руынан, тайпасынан бөлініп шығып, өзінше еркін өмір сүріп, күн көрген топты атайды.