Қазақ тарихында есімі қалған ағартушы әйелдер туралы не білеміз?

Автор: редактор 01 мая, 2024


Қазақ тарихында есімі қалған ағартушы әйелдер туралы не білеміз?

📌 Тарих беттеріне жүгінсек, қазақ халқынан шаққан, ақыл-парасатымен есімдері тарихта қалған абыз аналар, қалың елдің туы болып, көш бастаған батыр қыздар жеткілікті. Олар аяулы жар, қоғамға пайдасын тигізген беделді тұлғалар да бола білді.

✔️ Ендеше осы қоғам қайраткерлерінің бірқатарына тоқталып өтейік.

▪️Қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашқан қазақ әйелі – Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы. Ол Бөкей Ордасындағы сұлтандар әулетінде дүниеге келген. Әбілқайыр хан әулетінен шыққан, Нұралы ханның шөбересі, Жәңгір ханның немересі, әкесі – Зұлқарнай Нұралыханов.
Хұсни-Жамал Қазандағы земство мектебін бітіріп, Бөкей Ордасындағы әйелдер мектебінде сабақ берді. Балаларды тәрбиелеу мен білім беруде үлкен үлес қосты. Бұл мектеп 1883 жылдан бері жұмыс істегенімен онда тек басқа ұлттың қыздары оқитын. Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызының бастамасынан кейін ғана мектепке қазақ қыздары бара бастады.

▪️Алма Ораз­баева КСРО тарихындағы алғашқы саясаткер әйел, мемлекет және қоғам қайраткері, Коминтерн мүшесі болған революционер-ағартушы қазақ қызы.

Өмір сүрген кезеңі әлеуметтік-саяси төңкеріс кезеңіне тап келді. Саяси бағыт ақ пен қызыл болып тұрған шақта, Алма Оразбаева 17 жаста еді. Советтік билік тұсында саяси қызметте жүріп, қазақ әйелінің, ана мен бала мәселесін ХХ ғасыр деңгейіне көтергенін, қазақ қыздарының оқуына жәрдемдескенін де айта кеткен жөн. Шығыс әйелдері арасынан тұңғыш халықаралық саясат аренасына шыққан.

Алма Оразбаеваның ерекше бастамасының бірі – әйелдер баспасөзінің негізін қалауы. 1922 жылы Қырғыз (қазақ) облыстық партия комитеті жанынан әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін қазақ әйелдерінің сауатсыздығын жою, оларды үкіметтің, кеңестер мен мәдени құрылыс жұмыстарына тартуда Оразбаеваның сіңірген еңбегі орасан.

▪️Алғашқы қазақ журналисі Назипа Құлжанованың аты тарихта алтын әріппен қалды. Ол өз заманының ең білімді және дана әйелдерінің бірі болды. Назипа Құлжанова әдеби-музыкалық, этнографиялық кештер ұйымдастырды. Ол өз еңбектерінде жастарды тәрбиелеу, мәдениет мәселелерін көтеріп, қазақ әйелдерінің өмірі туралы әңгімеледі. Қоғам қайраткері әрдайым әйелдердің қоғамдағы белсенді позицияға деген ұмтылысын қолдап, әйелдер қозғалысын дамытуға тырысты. «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» сияқты журналдарда жұмыс істеді, сондай-ақ «Айқап», «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш» газеттерінде мақалалар басып шығарды.

▪️Қазақ КСР Сыртқы істер министрі және Қазақстан тарихында Біріккен Ұлттар Ұйымының трибунасынан шыққан алғашқы әйел дипломат — Балжан Бөлтірікова. Бала кезінен ол мұғалім болуды армандады. Жас кезінен бастап ол өзін осы жауапты қызметке дайындады, көптеген кітаптар оқыды. Ол ата-анасы мен құрдастарын таң қалдыратындай ақылды, парасатты болды. Бала арманына жету үшін ол мектепке жұмысқа орналасты. Содан кейін ол жауапты қызметтер атқарды, елдің қоғамдық және саяси өміріне белсенді қатысты. Мінезінің беріктігі, даналығы, шеберлігі арқасында ол жоғары лауазымға қол жеткізді. Ел тарихында тұңғыш рет Қазақ КСР Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ол сондай-ақ Қазақстан тарихына БҰҰ трибунасынан шыққан алғашқы әйел дипломат ретінде енді. Бұл тіпті әйгілі американдық дипломат Генри Киссинджердің кітабында айтылған.