💭 Ұлы Жібек Жолының жандануына байланысты қазақ даласында жаңа қалалар пайда болды.
▪️Ал Отырар, Испиджап, Суяб, Сауран, Тараз сынды үлкен шаһарлар сауда жолының бойында орналасқандықтан тез өркендеді.
🔲 Отырар Қазақстанның ортағасырлық ірі қалаларының бірі. Сырдарияның Арыс өзеніне құяр сағасына таяу орналасқан. Отырар қаласының аты VIII ғасырдан бастап аталғанмен, оның бастапқы тарихы б.з.б. II ғасырда Сырдарияның орта ағысында пайда болған Қаңлы мемлекетінің тарихымен тығыз байланысты.
IX ғасырдың ортасынан бастап Отырар Самани әулеті мемлекетінің ықпалында болды. Осы кезеңнен бастап бұл өлкеде сауда-саттық жасау, ғалымдардың «білім қууды көздеген» саяхаттары адамдардың ой-өрісін кеңейтті. Өнердің, ғылым мен колөнер кәсіпшілігінің таралуына ықпалын тигізді.
🔲 Көне Тараз қаласы қазіргі Тараздың орнында болған. Бұл жайындағы алғашқы дерек грек елшісі Земархтың хабарламасында айтылады. Ал 630 жылы Сюань Цзанның жазбасында ірі сауда қаласы ретінде сипатталған.
Тараз VII- VIII ғасырда Ұлы Жібек жолында орналасқан сауда және қолөнер орталығына айналған керемет шаһар. Мұнда оңтүстіктің күміс кендері мен терістіктегі қимақтарға баратын керуен жолдары тоғысатын. X ғасырдағы араб географы әл-Макдиси қала жайында былай деп жазды: «Тараз – бақтары көп, халқы тығыз қоныстанған, қамал сыртынан терең орлар қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекені бар ірі бекіністі қала».
🔲 Құлан орта ғасырдағы (VII-XIIғ.) шағын қаланың орны. Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылы. Қала туралы алғашқы тарихи деректер VII ғасырдан бастап белгілі. Саяхатшылар Ибн Хордадбек, Құдам қолжазбаларында Құлан Тараз қаласының шығысына таман, Ұлы Жібек жолындағы қала деп көрсетіледі.
Әл-Макдиси Құланды 10 ғасырда былай сипаттады: «Күмбезді мешіті бар, мықты қоршалған қамал. Бұл үлкен Тараз жолының бойында орналасқан бекіністі қала».