Қазақтың ұлттық ойындары несімен ерекшеленеді?
🤼♀️ Әрбір халықтың өзіне тән ұлттық ойындары бар. Соның ішінде адамның тәні мен рухани дүниесіне пайдалы спорт түрлерінен қазақ халқы кенде болмаған. Мәселен, халқымыздың ойын түрін бірнеше сатыға бөліп қарастыруға болады. Олар аңға, малға, түрлі заттармен ойналатын, зеректік пен ептілікті қажет ететін және заманауи ойындар.
🟢 Аңға байланысты ойындар
Бұлар — ақсерек-көксешрек, аңшылар, аңшылар мен қояндар, кірпіше қарғу, қас-құлақ, ордағы қасқыр.
🟢 Малға байланысты ойындар
Оларға аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк, бура-қотан, көксиыр, соқыр-теке, түйе мен бота.
🟢 Түрлі заттармен ойналатын
ойындар
Бұған ағаш аяқ, аққала, ақпа, ақсүйек, ақшамшық, алакүшік, алты-бақан, арқан аттау, арқан тартпақ, арқан тартыс, арынды арқан, асау мәстек, асық, аттамақ, ауыртаяқ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, дауыстап атыңды айтам, епті жігіт, жаяу көкпар, жемекіл, жігіт қуу, жігіт ойыны, күзетшілер, күміс ілу, қамалды қорғау, қараше, қимақ, қыз қуу, лек (шөлдік), монданақ, орамал тастау, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, тапшы, кімнің дауысы, таяқ жүгірту, тепе-теңдік, тобық, тұтқын алу, түйілген орамал, шалма, шертпек, шілдік, хал қалай?
🟢 Зеректік пен ептілікті қажет ететін ойындар
Бұларға — айгөлек, айдапсал, атқума, аударыспақ, бағана өрмелеу, балтам шап, бөріктастамақ, бұғнай, бұғыбай, бұқатартыс, бұрыш, біз де, егер…, жасырынбақ, жаяу жарыс, көкпар, көрші, күрес, қарамырза, қассың ба, доссың ба?, қындық-сандық, орын тап, отырмақ, санамақ, сұрақ-жауап, тасымақ, тасымалдау, тең көтеру, тымпи-тымпи, ұшты-ұшты, үй үстіндегі кім?, шымбике жатады.
Ендеше осы ойындардың кеңінен танылғандарына тоқталып өтейік.
🤾🏼 Ақсерек пен көксерек ойыны
Ақсерек пен көксерек — қазақ балаларының дәстүрлі ұлттық ойынының атауы. Әр кезеңде, әр өлкеде түрліше аталғанымен ойналу реті бірдей. Оны жылдың жылы мезгілінде ауылды жерде, 6-15 жас аралығындагы балалар жиналып ойнайды. Ойыншылар саны 6 адамнан кем болмауы керек және ойыншылар санының жұп болғаны абзал.
📌 Түйе мен бота ойыны
Ойынның басында бір ойыншы –«түйе», екіншісі «бота» болады. Қалған- дары өзара қолдарынан ұстасып үлкен шеңбер жасайды. «Түйе» сол шеңбердің сыртында, «ботасы» ішінде қалады.
«Түйе» шеңбердің сыртында жүріп «ботасына»: «Үйге жүр!»– дейді. «Бота- сы»: «Жоқ, үйге бармаймын!» – дей- ді. «Түйе» «ботасын» әкетпек болып тұра ұмтылады. «Бота» шеңберді айнала қашады. Ақырында «түйе» есебін тауып «ботасын» қолға түсіреді.
📍 Ақсүйек ойыны
Ақсүйек ойыны — қазақтың ұлттық ойындарының бірі.
Жігіттер мен қыздар жиналып, жаздың айлы түнінде ашық далада ойнайды. Ақсүйек ойнына малдың ақсөңкелеп қураған жілігі немесе қабығы аршылған, ұзындығы екі қарыстай жұмыр ақ таяқша пайдаланылады. Жиналғандар екі топқа бөлінеді. Ойынды бастау жеребе тастау арқылы анықталады. Содан кейін ойын бастаушы ақсүйекті бар пәрменімен алысқа лақтырады. Жастар таяқты іздеуге кіріседі. Оны тапқан ойыншы өз серіктеріне дыбыс беріп, сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Серіктері оның тосқауылға тап болмауына көмектеседі. Қарсыластары қалайда ақсүйекті тартып алудың амалын жасап бағады. Ақсүйекті тартып алса, өздері де біріне-бірі қол жалғап, сөреге жетуге ұмтылады. Бұл тартыста ақсүйекті сөреге жеткізген топ жеңген саналады. Ойын шапшаңдыққа, ұйымшылдыққа баулиды.