Қазақ зергерлері сауданың дамуына қалай үлес қосты?

Автор: редактор 22 Маусым, 2022


🗯 Ерте заманнан келе жатқан өнердің бір түрі – зергерлік. Орта Азия халықтарында ерте кезден алтын-күміс әшекейлі бұйымдарды жасаумен әуестенушілерді зергер деп атаған.

🔹 Қазақ шеберлер зергерлік өнерін меңгерген. Алайда алтын-күмісті өздері қорытып, өндіре алмаған. Сондықтан оларды көрші орыс мемлекеттерінен сатып, айырбасқа алып отырған. Кесек күміс пен алтын оңайлықпен табылмағандықтан, сол кездегі қазақ зергерлері көбінесе алтын, күміс ақшаларды қайта балқытып немесе ол күйінде пайдаланған. Осылайша, түрлі зепгерлік бұйымдарды сауда айналымына кіргізді.

🔹 Ел арасындағы халық шеберлері түрлі көркем, нәзік істерді қарапайым әдіспен орындайды. Көбіне білезік, өңір жиек, сақина, сырға, тіс шұқығыш (бұрын алтын, күміспен орнектеп жасап, қалтаға салып жүретін), қиықша, қоза, шолпы, алқа, қапсырма, сәукеле түйреуіш, мық, ілгек, сағат бау, үзбе, түйме, түйменің сабағы, бұрама, деңбет, кемер белдік, кісе сияқты адамның өз бойын әсемдейтін заттарды жасады.

🔹 Ыдыс-аяқ, ағаш төсек, ер-тұрман, қару-жарақ, жазу жабдықтары, темекі салғыш, насыбай шақша, опа сауыт, домбыра, қобыз, сырнай және т. б. алуан түрлі жиһаздарды әшекейледі.

🔹Зергерлікті жұмыстың орындалу әдістеріне қарай: техника жолымен преске, қалыпқа салып қысу, балқытқан металдарды арнаулы қалыптарға қүю, бір металға екінші металды оюластырып жапсыру, тұтас металдың бетін ою, сызу арқылы өрнектеу, металдарга алтын, күміс жалату, металды қақтау, қуыстау, жұмырлау, домалақтау, шашақтау сияқты бірнеше түрге бөледі. Бұл заттарды қалай жасалатындығын әнгіме етейік.