⛰ Қазақ жеріндегі ежелгі қалалардың тарихы үлкен. Археологиялық зерттеулерге сүйенсек, қалалар сауданың, экономиканың дамуымен тұспа-тұс келеді.
💭 Мәселен, 6 – 9 ғасырларда Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-Батыс Жетісуда қала мәдениеті жақсы дамыды. Саяси жағынан бұл аймақтар түрік әулеттерге бағынды және Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағандықтарының құрамына енді.
💭 Бұл кезеңде көшіп жүретін жер аумағы шектеліп, көш жолдары қалыптасты. Тұрақты қыстаулар мен жайлаулар орнығып, егіншілік пайда болды. Отырықшы кедейлер тобы бөлініп, жекелеген рулық топтар отырықшылыққа көшті.
💭 Мемлекеттік төрешілдік аппарат құрылып, ортақ тіл мен жазу қалыптасты, сауда және дипломаттық байланыстар дамыды. Осындай жағдайда әкімшілік және қолөнер, сауда, мәдениет орталығы ретінде қалалар салына бастады.
💭 Оңтүстік Қазақстандағы ең ірі қала Испиджаб саналады. Ол 629 жылы Сюань-Цзянның жылнамасында алғаш рет “Ақ өзендегі қала” атымен аталады. Кейін Махмұт Қашқари Сайрам – ақ қаланың аты, ол Испиджаб деп, кейде Сайрам деп те аталғанын жазады.
◻️ Оңтүстік-Батыс Жетісуда қалалардың өркендеуіне, қолөнер мен егіншіліктің, құрылыс техникасының дамуына Соғды ұрпақтарының елеулі әсері болды.
◻️ 8 ғасырдың ІІ-жартысында олар Шу, Талас жазықтарына көптеп қоныстана бастады. Соғдылық саудагерлер Иран мен Византияны Шығыс Түркістанмен жалғастыратын Ұлы Жібек жолының бойына сауда қоныстарын салды. Осындағы Тараз және Суяб қалалары Қазақстаннан тыс жерлерге де мәлім болды.
◻️ Жазба деректерге қарағанда 7 – 13 ғасырларда осы жол бойындағы Аспара, Шігілбалық, Атын, Семекина, Талхиз, Мерке, Құлан, Испиджаб және басқа қалалар да маңызды рөл атқарды. Бұл қалаларда ұсталық, зергерлік, былғары өңдеу, қыштан ыдыс жасау кәсібі өркендеді.
◽️Тұрғындары егін шаруашылығымен айналысып, бидай, тары егіп, бақ, жүзім өсірген. 9 – 10 ғасырларда солтүстік-шығыс Жетісуда да қалалар салына бастаған. Іле өз. бойындағы көшпелілер қоныстарының орнына пайда болған бұл қалалар тез арада-ақ қолөнері мен сауда орталығына айналды.