Батыс Еуропа пен Шығыс елдерінің саудасын дамытқан керуен жолы туралы не білеміз?
📌 Керуен жолдары – ежелгі дәуір мен орта ғасырда Батыс Еуропа мен Шығыс елдерінің арасындағы сауда қатынастарының дамуына ықпал етті. Нақтырақ айтсақ, аса ірі халықаралық қатынас жолы болды.
📍 Ал қазақ жерінде Керуен жолдарының тарихы б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шеніндегі «далалық сақ жолдарынан» бастау алады.
📍Геродоттың жазуы бойынша, бұл жол Қаратау маңынан Дон жағалауына дейін, одан Оңтүстік Оралдағы сарматтар жеріне бағытталып, Ертіс бойы мен Алтайға, Зайсан көліне дейін созылған. Кейбір деректерде, ежелгі керуен жолдарына «Ұлы Жібек жолы» атауы кейін берілген. Бұл атау осы жолмен тасымалданған негізгі тауар – жібекпен тығыз байланысты.
📍Керуен жолдары арқылы алғаш рет император Удидің тапсыруымен Батысқа саяхат жасаған дипломат Чжань Цянь (б.з.б. 103 жыл) жүріп өткен. Қытай елшісінің соңынан іле-шала жібек артқан керуендер Батысқа қарай бет алған. Уақыт өткен сайын Керуен жолдарының жеке тармақтары жергілікті саяси-экономикалык жағдайға орай, жанданып әрі құлдырау кезеңдерінен де өтті.
📍5 ғасырдан бастап Ұлы Жібек Қытай мен Орталық Азия арасын жалғастырып жатқан, Жетісу мен қазіргі Оңтүстік Қазақстан арқылы өткен тармағы жақсы дамыған. 6 ғасырдың 2-жартысында бұл Керуен жолдары көшпелі түркілердің құдіретті империясы – Түрік қағандағының құрамына кірді. Осы кезеңнен бастап Жетісуда аса ірі қалалар жүйесі қалыптаса бастады.
📍10 ғасырдан бастап Керуен жолдары Іле Алатауын бойлап, Алматы, Талхиз арқылы Іле аңғарына шығатын бөлігі жандана бастады. Жолдың осы бөлігінде көптеген қалалар пайда болған. Орта ғасырлардағы ірі тарихи оқиғалар Керуен жолдарының тағдырына кері әсер етті.