Ежелгі Қазақстанның ең бай қалалары туралы не білеміз?

Автор: редактор 27 Желтоқсан, 2023


Ежелгі Қазақстанның ең бай қалалары туралы не білеміз?

🕍 Қазақстанда ежелгі қалалардың мәдениеті VІ – ІХ ғасырда Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-Батыс Жетісуда жақсы дамыды. Саяси жағынан бұл аймақтар түрік әулеттеріне бағынышты болды. Нақтырақ айтсақ, реті бойынша Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағандықтарының құрамына енді. Бұл кезеңде көшіп жүретін жер аумағы шектеліп, көш жолдары қалыптасты. Тұрақты қыстаулар мен жайлаулар орнығып, егіншілік пайда болды, отырықшы кедейлер тобы бөлініп, жекелеген рулық топтар
отырықшылыққа көшті. Мемлекеттік төрешілік орын құрылып, ортақ тіл мен жазу қалыптасты, сауда және дипломаттық байланыстар дамыды.

Осы кезеңде әкімшілік және қолөнер, сауда, мәдениет орталығы ретінде қалалар салына бастады. Оңтүстік Қазақстанда ең ірі қала Испиджаб екені бәрімізге мәлім. Аталмыш қала 629 ж. Сюань-Цзянның жылнамасында алғаш рет “Ақ өзендегі қала” деп аталады. Кейін Махмұт Қашқари Сайрам – ақ қаланың аты (әл-Мединат әл-Байда), ол Испиджаб, ал кейде Сайрам деп те аталғанын жазады. Сайрамнан Шашқа баратын жол бойында 8 – 10 ғасырларда Газгирд (Қазығұрт) болған. Исфиджабтың шығыс жағында Шарап, Будухкет, Тамтаж, Абараж, Жувикат қалалары мен елді мекендері орналасқан.
Шарапқа – Төрткөл Балықшы, Будухкетке Қазатлық қалаларының жұрты сай келеді. Тамтаж, Абараж – керуен сарайлары іспетті. Арыстың төменгі ағысында орталығы Отырар қаласы болған Фараб (Отырар) өңірі жатты. Отырар аты (Отырарбенд) 8 – 9 ғасырларда жазба деректерде аталады. Оның Фараб, Тарбанд секілді атаулары да бар. Отырардан төменірек Сырдария бойындағы Шауғар өңірінде сол аттас орталығы болған. Шауғар қаласы(соғды тілінен аударғанда “Қара тау”) Түркістанның оңтүстік-шығысында 8 км жерде орналасқан Шойтөбе қаласының орнында болған.

☝🏻Оңтүстік-Батыс Жетісуда қалалардың өркендеуіне, қолөнері мен егіншіліктің және құрылыс техникасының дамуына Соғды ұрпақтарының елеулі әсері болды. VІІІ ғасырдың екінші жартысында олар Шу, Талас жазықтарына көптеп қоныстана бастады. Соғдылық саудагерлер Иран мен Византияны Шығыс Түркістанмен жалғастыратын Ұлы Жібек жолы бойына сауда қоныстарын салды. Осындағы Тараз және Суяб қалалары Қазақстаннан тыс жерлерге де мәлім болды. Жазба деректерге қарағанда 7 – 13 ғасырда осы жол бойындағы Аспара, Шігілбалық, Атын, Семекина, Талхиз, Мерке, Құлан, Испиджаб, Усбаникет және басқа қалалар да маңызды рөл атқарды. Бұл қалаларда ұсталық, зергерлік, былғары өңдеу, қыштан ыдыс жасау кәсібі өркендеді. Тұрғындары егін шаруашылығымен айналысып, бидай, тары егіп, бақ, жүзім өсірген.

📌 9 – 10 ғасырларда солтүстік-шығыс Жетісуда да қалалар салына бастаған. Іле өз. бойындағы көшпелілер қоныстарының орнына пайда болған бұл қалалар тез арада-ақ қолөнері мен сауда орталығына айналды.

9 ғасырларда және 10 ғасырдың бірінші жартысында Жетісуда билік қарлұқтар қолына өтуіне байланысты көшпелі халықтар отырықшылыққа жедел көше бастады. Көшпелі тайпалардың ақсүйектері құнарлы жайылымдарды басып алу, соғыс жорықтары және сауда арқылы байыды. Қоғамның қарапайым мүшелері топ-тобымен отырықшылыққа көшіп, егіншілердің, қолөнершілердің қатарын толықтырды. Осыдан барып үлкенді-кішілі елді мекендер мен қалалар көбейе бастады. 9 – 12 ғасырларда қоғамның өндіргіш күштері үлкен қарқынмен өсті. Орта Азия мен Қазақстандағы саяси билікті басып алған Қарахан әулеті феод. қатынастардың қалыптасуына ықпал жасады. Осы кезде қалаларда діни орындарға арналған құрылыстар, ақсүйектердің сарайлары, су құбырлары, тазалық жүйелері салынды. Жаңа қалалар пайда болды. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстанда қалалар көркейе түсті. Бұрын 5 – 7 га-дан аспаған Отырар рабадының аумағы 170 га-ға дейін жетті.

📌 Кең көлемдегі қазба жұмыстары Оңтүстік Қазақстандағы қала мәдениеті ескерткіштерінің типологиясын жасауға мүмкіндік береді. Аумағы 30 га-дан асатын қала жұрттарына Сайрам (Исфиджаб), Шортөбе немесе Қараспан-1 (Осбаникет), Отырартөбе (Отырар), Құйрықтөбе (Кедер), Шойтөбе (Шауғар), Жанқала (Жанкент, Янгикент), Сунақ-Ата (Сығанақ), Құмкент жатады. Аумағы 15 га-дан 30 га-ға дейін жететін қалалар – Бурух, Хурлуг, Жумишлағу, т.б. 15 га-ға дейін жететін қала жұрттарына Шарапхана (Газгирд), Бұлақ-Қоғал (Манкент), Тамды (Берукент), Қазатлық (Будухкет), т.б. жатады. Осы қалалардан басқа Сырдарияның орта ағысында 6 – 9 ғасырлардың бірінші жартысына тән мәдени қабаттары анықталған бір топ қала жұрттары жатыр. Қазақстанның оңтүстігінде жалпы саны 27-ге жететін осындай қала жұрты бар.

📍Қазақстанның оңтүстігіндегі қала жұрттарына құрылымында – ішкі қамал (цитадель); шахристан (дуалмен бекіндірілген қала) және рабад (қала төңірегіндегі сауда-қолөнер орны) болатын топография тән. Шахристанда бай шонжарлардың, ірі саудагерлер мен дінбасылардың үйлері, сарайлар орналасты. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ерте орта ғасырлардағы қалаларының жұрттарын анықтаған кезде мынадай белгілердің жиынтығы: көлемі мен құрылымы (қамал және бүкіл көлемі немесе қамал мен шахристан); бекіністері; мәдени қабатының байлығы; археол. кешені пайдаланылады. Осындай сан және сапа белгілеріне сүйенгенде, Оңтүстік Қазақстандағы алдыңғы орта ғасырлардағы барлық қалалар саны 33 болды.