🟢 Өзге елдер арасындағы сауда байланысы көшпенділер экономикасына айтарлықтай әсерін тигізді. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу арқылы өтті. Мұнда Суяб, Тараз және Испиджаб қалалары арқылы өтетін бөлігі суреттеледі. Ал Испиджабта солтүстік-батыс жақтағы Фарабқа, Шауғарға және одан әрі Сырдарияның төменгі ағысы мен Орталық Қазақстан даласына кететін тармақтары шыққан. Сауда түрік аксүйектеріне едәуір пайда келтірді. Атап айтқанда, олар үшін қолға түскен олжаны сатуға мүмкіндік болды.
📍567 жылдың өзінде-ақ Иштеми-қағанның сауда ісін жолға қою үшін Иранға екі рет елші жібергені кездейсоқ емес. Елшілік табысқа жеткізбеді. Сонда қаған Византияға да елші жіберді. Бұл жолы елшілік сапар сәтті аяқталып, екі мемлекет арасында сауда-саясат одағы жасалды.
Осылайша Қытайдан жібек, қағаз, айналар әкелінді. Орта және Таяу Шығыстан, Византиядан Қытайға опа-далап, вавилон кілемдері, асыл тастар, інжу-маржандар, шыны, маталар апарылып отырды.
Ал соғдылықтар күміс бұйымдар, тұрлі түсті шынылар, дәрі-дәрмек және бояу заттарын, кілемдер шығарып, сатумен айналысты. Византиядан, Соғдыдан, Қытайдан және басқа елдерден шыққан әсемдік заттарының бір бөлігі түрік шонжарларының ордаларында, қала тұрғындарының үйлерінде қалып отыратын.
📍Көшпелілермен айырбас сауда Испиджаб, Отырар, Тараз, Суяб қалаларында жиналатын жәрмеңкелерде жүзеге асты. Жетісудың оңтүстік-батысында маңызды сауда орталыгы Тараз болды. Ол жөнінде деректемелерде «көпестер қаласы» деп айтылады. Шу аңғарында Суяб осындай қала болды. Онда «түрлі елдердің саудагерлері аралас тұрады», ал қала тұрғындарының жартысы көпестер еді.
📍Халықаралық және аймақаралық саудада Қытайда (Тан әулеті), Соғдыда, Шағада, Ферғанада, Бұхарада (штрифи үлгісіндегі) соғылған теңгелер пайдаланылды. VI — VIII ғасырларда Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда жаппай өз теңгелерін соғу басталды. Олардың бір бөлігі халықаралық және аймақаралық саудада қолданылса, басқалары жергілікті саудада ғана қолданылды