Көшпелі қазақ мәдениетінің жолы қалай қалыптасты?

Автор: редактор 07 февраля, 2024


Көшпелі қазақ мәдениетінің жолы қалай қалыптасты?

☝🏻 Адамзат баласы жасаған рухани және материалдық мәдениет бар. Мәдениет тарихында күні кешеге дейін еуропалықтар Батыс дүниесінің ғана мәдениетін мойындап келді. Оларда мәдениет жасаушы тек еуропалықтар делінген тар шеңбердегі теория болды.

🏕️ Бірақ Шығыс өркениетін жасаған мәдени мұралардың ғажайып үлгілері оларды өздерінің менменсіген қисындарынан бас тартуға мәжбүр етті. «Мәдениет» деген ұғымның аясы өте кең. Сондықтан да болар, «мәдениет» ұғымының көптеген анықтамасы бар. Адам ой-санасы мен әрекетінің нәтижесінде туындаған құндылықтарды біз мәдениет дейміз.

Рухани және материалдық мәдениет үлгілерінің арасында тұйық шек жоқ. Осы тұста көшпелілердің рухани мәдениетінің өз даму ерекшеліктері бар екенін атап өткен жөн. Ол көшпелілердің тіршілік әрекеті мен тұрмысының ерекшеліктерінен туындайды. Кейбір батыстық зерттеушілер: «Көшпелілер өз бетінше мәдени құндылықтар жасауға қабілетсіз, олар тек басып алған отырықшы халықтардың мәдениетін қабылдайды. Ал отырықшы халықтардың мәдениеті оларға өгей мәдениет болып қала береді», – дейді.
Бұл – мүлде қате пікір.

🏔️Көшпелілер өз тұрмыс-қарекетіне лайықты мәдениет қалыптастырған. Көшпелілердің материалдық мәдениеті көші-қонға ыңғайланып жасалған. Мұндай таза көшпелі мәдениет үлгілеріне біз жиналмалы, жығып-тігуі өте жеңіл киіз үйді, ер-тұрман, ат әбзелдерін, теріден, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарын, бесігін, басқа да тұрмыстық заттарын жатқызамыз.

🛖 Тұрғын үй адамның өмір салтымен, оның дүниетанымымен, әлемдегі алатын орнымен тікелей қатысты. Мысалы, орманды мекен ететіндер ағаштардың арасынан аспанды төртбұрышты бітімінде көреді, олардың үйлері де төрт қабырғалы, Кавказдың биік тауларындағы үй көшпелі шаруашылық типінде де әрекет етеді. Жазық дала тек көкжиекпен шеңбер тәрізді шектелген. Сондықтан көшпелілердің тұрағы да дөңгелек. Орталық Азиядағы күмбездік архитектураның бір бастауы — көшпелілердің киіз үйі.

Сонымен қатар көшпелілер отырықшыларға қарағанда табиғатқа жақынырақ, онымен етене өмір сүрген. Көшпелілерде табиғатқа негізделген дүниетаным, ақынжандылық, қиялшылдық, түптеп келгенде, шығармашылықпен ойлау жүйесі қатты дамыды. Бұдан «Отырықшы халықтарда бұл қасиет болмады, не аз көрініс тапты» деген ой тумауы керек. Тек бұл қасиеттердің қалыптасуына, көрініс тауып, іске асуына көшпелі өмір объективті түрде көбірек жағдай туғызды. Көшпелілерде де, отырықшы елдер сияқты, жазу ерте пайда болды.