📌 Қазақ халқы күнделікті тұрмыстық қажеттіліктеріне байланысты қолөнер кәсібіне де айрықша мән берген. Мәселен, үй-жай салып, киім-кешек тігіп, азық-түлік өндірумен қатар әсем бұйымдар жасап, оларды сауда айналымына шығарып отырды.
Халықтың қолөнеріне әдет-ғұрып жабдықтары, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал жабдықтар да кірді. Осы сынды көптеген заттты халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасады.
📌 Қолөнер, ұсталық мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ғана емес, сонымен бірге әртүрлі тапсырыстар орындауға, базарға шығарып сататын бұйымдар жасауға да арналды.
📌 Міне, қолөнер мен кәсіпшілік ғасырлар бойында қалыптасып, ұлттық дәстүрлі мәдениеттің айрықша көрсеткіштерінің біріне айналып келді.
📌 Ою-өрнек ісі ерте заманнан бастап-ақ қолөнердің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді.
Бұл жерде ою бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау, яғни бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Ал өрнек дегеніміз әртүрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы. Сондықтан көбінесе ою-өрнек деп қосарланып айтыла береді.
📌 Ертедегі қазақ оюларының мазмұны негізінен 3 түрлі ұғымды бейнелейді.
🔍 Біріншісі — мал өсіру мен аңшылыққа негізделген.
🔍 Екіншісі — жер-су, көшіп-қону көріністерін айқындайды.
🔍 Үшіншісі — күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін береді.
📍 Шеберлер жұмыс әдісіне төселе келе өздерінің көрген ою-үлгілерінен бөлек, оюға өз бетімен жаңа түрлер енгізу дәрежесіне дейін жетті. Халық мұндай адамдарды «оюшы» деп атады. Әрбір елде, әрбір руда атағы шыққан таңдаулы оюшылар болды. Ондайлар өз өнерінің тамаша үлгісін өзінің руына, маңайындағы елдерге таратып отырды.
📍 Осыдан келіп әр түрлі ою-өрнектерде, киімдер мен кілемдерде, сырмақтар мен кестелерде «арғын үлгісі», «керей үлгісі» немесе «ұлы жүздің үлгісі», «орта жүздің үлгісі», «кіші жүздің үлгісі» деген мәнерлер пайда болды.