Көшпелі қазақтың жәрмеңке саудасының құлдырауы неге алып келді?

Автор: редактор 27 ноября, 2024


Көшпелі қазақтың жәрмеңке саудасының құлдырауы неге алып келді?

💸 X1X-XX ғасырлар шебінде жәрмеңкелердің маңызы төмендей бастады. Оның мынадай себептері болды.

📍Біріншіден, қазақтар барлық жерде бірдей жаппай отырықшылыққа көше бастады.

📍Екіншіден, уездік және облыстық орталықтар аймағында тұрақты сауда кеңінен етек алды.

Сауданың бұл түрі қалаларда барынша дамыды. Қалалар фабрика-зауыттар шығаратын өнімдердің тұрақты қоймаларына айналды. Қаладан қажетті бұйымдарын қазақтар мен қоныс аударушы шаруа, қазақтар емін-еркін сатып алатын еді.

📌Қалаларда кең көлемді сауда жасайтын дүкендер мен дүңгіршіктер ашылды. Олардың жылдық сауда айналымының мөлшері де өсе түсті. Мәселен, ірі қалалардың бір жылдық сауда айналымы Петропавлда 4 миллион, Омбыда 3,5 миллион, Семейде 1,5 миллион, Қостанайда 0,9 миллион сомға дейін жетті.

Қалаларда тұрақты жүргізілетін сауданың күшейе түсуі ел аралап жасалатын сауда мен жәрмеңкелердегі сауданың жағдайын әлдеқайда әлсіретіп жіберді. Қазақ өлкесінде тауарлы-ақша қатынастары дами түсті.

Айта кетейік, жәрмеңкелерде тек сауда-саттық жасалып қойған жоқ. Олар алуан түрлі ру мен халықтардың өкілдері бас қосып, пікір алысатын, байланыс жасап тұратын орнына да айналды.

⚪️ Қазақ және орыс халықтары өкілдерінің өзара тамыр-таныстығы да осындай жәрмеңкелерден басталатын.

⚪️ Жәрмеңкелерде ірі-ірі спорттық шаралар, ат жарыстары, ұлттық ойын түрлері өткізіліп тұратын. Қазақтардың әр түрлі руларының, кейде тіпті барлық жүздерінің өкілдері күш сынасатын жарыстар да өткізілетін. Жәрмеңкеге жиналғандар түрлі спорт ойындары мен жарыстарды тамашалайтын. Ақындар айтысқа түсіп, бақ сынасатын.

⚪️ Ірі-ірі жәрмеңкелерде қазақтың бүкіл әлемге танылған атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы өнер көрсетті. Жәрмеңкелерде қазақтың Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Майра Шамсутдинова, Әсет Найманбайұлы, Әміре Қашаубайұлы сияқты көптеген сал-серілері мен ақындары да жиі-жиі келіп тұрды.

⚪️ Саяси өмірдегі оқиғалар шиеленісіп қыза түскен кездері жәрмеңкелер өкімет билігінің жоғары органына жазбаша шағым түрінде петициялар жолдайтын орын да болып табылды. Мәселен, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен атақты Қарқаралы петициясы жазылды.