💭 Көшпелі қазақ қоғамында әр маман иесінің орны ерекше болды. Олар елдің дамуы мен ел экономикасына айтарлықтай әсерін тигізді.
Мысалы, батырлар елін, жерін жаудан қорғады, жастарды соғыс өнеріне тәрбиеледі.
📍Көшпелі қазақ қауымында абыздардың, жыраулардың, бақсы-балгерлердің де өз орны болды. Абыздар мен жыраулар елдің рухани мәдениетін, оның елдік идеологиясын жасаушылар болды. Олардың ақылына, сәуегейлік көріпкелдігіне ел билеушілер, тіпті ханның өзі де құлақ асып, санасты.
📍Дәстүрлі қоғамда ел ішіндегі ем-доммен бақсы-балгерлер, шөппен емдейтін емшілер, оташылар, сынықшылар айналысты. Олар әріден келе жатқан халық медицинасының әдіс-тәсілдерін меңгерген шипагерлер болды. Жалпы, көшпелі тұрмыстың жылжымалылығы, халықтың бір орында топтаспай, бытырап орналасуы, әр түрлі індет, жұқпалы аурудың тарауынан сақтады.
📍Көшпелі қауымдастықтарда сол қоғам тіршілігіне қажетті барлық мамандық иелері болды. Олар — ұста, өрімші, үйші, ерші, атбегі, сыншы, құсбегі, есепші, бақсы, балгер, т.б. Ұста темірден таға, ауыздық, шалғы, орақ, күрек-сайман соқты. Көшпелі қазақ қоғамында темір ұсталарын, олардың дүниесін, көрігін қасиетті санаған. Сірә, олар отпен, металмен жұмыс істегендіктен қастерлесе керек.
📍Жауынгердің қару-жарағын, сауыт-сайманын соғатын темір ұсталарының қоғамдағы бағасы да жоғары болды. Өрімші тері бұйымдарынан, қайыстаң әр түрлі ат әбзелдерін өрді. Үйші киіз үйдің ағаш сүйегін жасады. Ерші ер шауып, құрады. Атбегі ат баптады, сыншы асыл тұқымды жүйрік аттың сынын анықтап, таңдады. Құсбегі бүркіт, қаршыға, лашын құстарын қайырып, аңға, құсқа салды. Бақсы-балгер ем-дом жасады. Жауырыншы жауырынға қарап бал ашты, жол кесті, болашақты болжады. Әнші, күйші халық көңілін көтерді.
Шешен ел атынан дауға түсті. Барымташы елдің басқада кеткен кегін малын тартып, айдап алу арқылы қайтарды. Майрампаз елді күлдірді, ел ішінде әр түрлі күлдіргі әңгіме тудырды. Олар Еуропа елдеріндегі шуттар сияқты, әдетте, хан ордасында, үлкен байлардың қолында жүрді. Майрампаз тауып сөйлейтін, мазақтаушылық қабілеті бар адамдар болды. Олардың орынды сайқымазағын ханның өзі де ренжімей көтерді.