Көшпелілер өсірген түліктер

Автор: редактор 11 Шілде, 2022


Көшпелілер өсірген түліктер

◾️ Қола дәуірінің ортаңғы, соңғы кездерінде Қазақстан жерін мекендеген тайпалар шаруашылығында қой түлігі сан жағынан басым болды. Сақ дәуірінде жерімізде осы күнгі құйрықты қазақы қой сияқты қой тұқымы тараған. Ерте темір дәуірі заманында кәдімгі қойлармен қатар биязы жүнді қой, ешкі де өсірілген екен.

◾️Алтайдан, Жетісудан табылған ерте темір дәуіріне жататын киіздер осындай биязы жүннен басылған. Ерте заманнан-ақ көшпелілерде қойдан кейінгі саны жағынан екінші түлік — жылқы. Жылқы мөлшермен б. з. д. 2-мыңжылдықтан бастап мінуге, жүк артуға, жегуге үйретілген. Арпаөзен, Қойбағар, Берікбай, Хантаудағы тасқа салынған суреттерде жеңіл күймелерге, ауыр арбаларға жегілген аттар бейнеленген.

◾️Қазақстан жерінде қола дәуірінен бері ірі қара мал өсірілген. Қола, ерте темір дәуірі ескерткіштерінен табылған сиыр сүйектері де ірі, орташа, ұсақ сиыр тұқымдарының болғандығын көрсетеді. Көшпелілер малының құрамында ірі қара аз болды.

Қола дәуіріне қарағанда көшпелілік пайда болған ерте темір дәуірінде сиыр малы азайды. Тек қана үлкен өзен-көлдердің (Сыр, Ертіс, Жетісу аймақтары) маңын мекендеген жартылай көшпелі тайпалар сиыр өсірген.

◾️ Ортағасырлық моңғол көшпелілерінде қысы-жазы өз аяғымен жайылуға бейімделген, жүні қалыңдау сиыр тұқымы өсірілген. Далалы, шөлейтті аймақтарды мекендеген көшпелілерде сиырдың осындай тұқымы кеңірек таралған болуы керек.

◾️Қазақтың ежелден қолға үйреткен төрт түлігінің бірі — түйе. Қазақстан, Орталық Азия жері қосөркешті түйенің қолға үйретілген аймағы болып есептеледі. Түйені қолға үйрету Арал, Маңғыстау өңірінде мөлшермен бұдан үш жарым мың жыл бұрын, яғни б.з.д. 2-мыңжылдықтың ортасында іске асқан. Үй түйесі Қазақстанның көптеген аймақтарында жабайы түйе — қаптағайды қолға үйретуден пайда болған.