Көшпелілік қалай пайда болды?

Автор: редактор 06 Шілде, 2022


💭 Қыздар мен жігіттер, осыған дейін көшпелілер экономикасы туралы айтып жүрген едік. Ал енді бүгін жалпы көшпеліліктің қалай пайда болғанына тоқталып өтеміз.

🖋 Көшпеліліктің шығуы – географиялық ортаның, белгілі бір климаттық әрі экологиялық жағдайлардың, табиғи ресурстардың талаптарына байланысты болды. Көшпелілік әдетте — далалы, жартылай шөлейт, шөл және құрғақ далалар, тау бөктері, тау аймақтарында қалыптасады. Мұндай жерде көбінесе жаңбыр аз, жылдық ылғалдың мөлшері 200—400 мм арасында ғана болады. Осындай аймақтарға: Қазақстан, Моңғолия, Жоңғария, Араб түбегі, Оңтүстік-батыс, Оңтүстік Азиядағы шөлдер мен шөлейтті аймақтар, Африка континенті жатады.

🖋 Қазақстан шеңберінде көшпелілік қалыптасқан аймаққа Каспий маңы ойпаттары, Үстірт, Торғай, Жем жоталары, Бетпакдала, Балқаш маңы далалары, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау жоталары, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле Алатауларының тау беткейлері және таулы өлкелерді жатқызамыз.

📍 Көшпелілік қазақ жерінде бірден пайда болған жоқ. Оның шығу тегінің өзіндік заңдылықтары, себептері бар. Малшылықтың алғашқы түрі — үй маңында мал өсіру болды.

Ал көшпелі мал шаруашылығының пайда болуына байланысты әртүрлі пікір бар. Кейбір ғалымдар: «Отырықшы малшылық біртіндеп дамып, мал басы өседі. Мал басы өскен сайын жайылымды кеңіту, жайылым ауыстырып отыру қажеттілігі туады. Бұрынғы отырықшы малшылар біртіндеп жайылым ауыстырып, жылжып көшуге мәжбүр болады. Сөйтіп, көшпелілік қалыптасты», — дейді.

Ал енді бір зерттеушілер бұл жағдайды қола дәуірінің соңындағы климат жағдайының өзгеруімен — Еуразия даласындағы қатты құрғақшылықтың басталуымен түсіндіреді.

📍Көшпелі қоғам тарихын зерттеуші ғалымдар басқа да көптеген себептер бар дейді. Олар: мал басының өсуі, ерте темір дәуірінің басында бақташының атқа мінуі, біртіндеп жылқыны мініске үйретіп, алдымен, сүйек ауыздықты, содан соң қола, кейініректе темір ауыздықты, одан үзеңгіні, ертоқымды пайдалануы көшпелі мал шаруашылығының дамуына, ғасырлар бойғы мал бағудың тәжірибесінің қалыптасуына негіз болды.

📍 Көшпелілік тек шаруашылықты жүргізудің түрі ғана емес, бұл тұрмыс-тіршіліктің де түрі. Тіршіліктің көзі мал болған халық оның өнімдерін пайдалануды да үйренеді. Етін, сүтін тамаққа, терісін, жүнін киімге, үй тұрмысына, тіпті сүйегі мен мүйізін де қажетіне жаратты. Көшпелі тұрмыс қалыптасуы барысында, алдымен, сүйретпелердің, одан соң арбаның шығуының да маңызы зор.

Көшпелілер баспанасының алғашқы түрі арба үстіне орнатылған басқалқа, қос, күрке. Бара-бара көшпелілер көшіқонға ыңғайлы кереге, уық, шаңырақты киіз үйді ойлап тапты.

📍 Көшпелілердің ыдысы да көшуге ыңғайлы, сынбайтын, икемді материалдан — ағаш, теріден жасалды. Көшпелілікке өтуден бұрын мал шаруашылығы бірнеше өтпелі түрді: үй маңындағы малшылық, алысқа ұзамайтын бақташылық, жайлау бақташылығын басынан кешірді.

Құдықтың шығуы да сол 2-мыңжылдықтың соңы, 1-мыңжылдықтың бас кезі. Көші-қон үшін дөңгелекті көліктің шығуының мөні зор. Дөңгелекті көлік суреттері қола дәуірінің тасқа салынған сурет-таңбаларында кездеседі. Алтайда зерттелген Бесінші Пазырық қорғанынан күймелі арба және жүк таситын үлкен арба табылған. Бұл — сақ дәуірінің көлігі. Сақ дәуіріндегі алғашқы арбалар бір дәртелі болған, кейінірек екі дәртелі арба пайда болады.