💭 Көшпелілердің, солардың ішінде қазақтың, ғасырлар бойы малданған түлігінің бірі қой болды.
💭 Ол әрі киім, әрі тамақ қызметінде жүрді. Ертедегі көшпелі халықша оның жүнінен гөрі терісі қымбат болған. Өйткені қыс, күз айларында жылы киім керек. Оған илеген қой терісінен тігілген ішік, тон, тұлыптан жылы киім табылмайды. Қазіргі кездегі «дубленка» аталатын сәнді тон да осы қой терісінен жасалған.
📍Ал жүнінен неше түрлі асыл жүн маталар тоқылады. Ол үшін биязы жүнді қойлар өсіріледі. Қазақ қойының жүні киіз басуға, кілем тоқуға, байпақ, пима дайындауға жұмсалады. Негізінен қойдың азықтық және киімдік пайдасы жылқы мен түйе түліктерінен артық. Онымен бірге қой малы көшіп-қону кезінде ұзақ жол жүрістеріне шыдамды болып келеді. Жеп-шөпті онша талғамайды. Тіпті өсімдігі ащылы болып келетін құм мен шөлде де қойдың теріп жейтін азығы көп. Ешкі де сондай.
📍Қой мен ешкі көне заманнан бері бірге жайылып, бірге жусап келеді. Қойды отты-сулы жерлерге ешкінің серкесі бастайды. Ешкі мен қойдың сүтінен ұйытқан айран да, қайнатқан құрт пен ірімшік те қазақтың сүйікті асы.
📍Ешкінің түбітінен ең жақсы шәлі тоқылады,оның қылшығынан есілген жіп пен арқан жылқы қылынан соң ең берігі саналады. «Ангор ешкісі» деп аталатын асыл тұқымды ешкілердің жүні өте құнды.