Көшпенді қазақтың дәстүрлі кәсіп түрлері

Автор: редактор 23 Мамыр, 2022


🖊 Мал шаруашылығы – ата кәсіп.

🏔 Қазақ жері – мал шаруашылығы қалыптасқан ең көне аймақ. Сол себепті мал шаруашылығы – көшпенді қазақтың ең негізгі кәсіптерінің бірі болды.

🔗 Археологиялық және этнографиялық зерттеулер Қазақстан жерінде ежелден бастап XX ғасырдың басына дейін мал шаруашылығының үш түрі қалыптасқанын көрсетеді. Көшпелі мал шаруашылығы Маңғыстау, Батыс, Орталық Қазақстан аймағында басым болған. Бұл аймақтарда қыстаусыз көшпелілермен қатар қыстауы бар көшпелілер де болған.

🔗 XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы деректерге қарағанда, көшпелілік Маңғыстау, Темір уездеріндегі адайларда, Атбасар уезін жайлаған бағаналыларда Қазалы, Ырғыз, Торғай, Қапал уездерін мекендеген кейбір руларда жақсы сақталған. Батыс, Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде тастан, балшықтан, ағаштан салынған қыстауы болмаса да, қыста ұзақ уақыт көшпей, бір жерді паналап отыратын көшпеліліктің түрі болған.

🔗 Көшпелі мал шаруашылығы қазақ халқының басым көпшілігінің материалдық тіршілік көзі болып есептелді.

🖋 Егіншілік қазақ тұрмыс-тіршілігінде мал шаруашылығынан кейін тұрды. Алайда бұл кәсіптің де өзіндік ерекшілі болды.

🔗 Қазақтар егіншілікпен сонау ерте заманның өзінде айналысқан болатын. XIX ғасырдың аяқ кезінде елдің Орталық, Солтүстік және Солтүстік-шығыс аймақтарында егіншілікпен айналысуға жаппай бет бұру байқалды.

🔗 Суармалы егіншілік Шығыс Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аймақтсрында жақсы дамыды. Қазақстанның өзге аудандарында тәлімі егін шаруашылығы кеңінен етек алды.
Қазақтар негізінен бидай, тары, сұлы, күріш және жүгері дақылдарын екті.

🔗 Шымкент және Перовск уездерінде мақта, Верный уезінде азын-аулақ темекі, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарында бақша дақылдары – қарбыз, асқабақ, пияз бен сәбіз өсірілді.

🖋 Балық аулау кәсібі

🔗 Бұл кәсіппен жағдайы төмен, кедей қазақтар айналысты. Ірі көлдер мен өзендерде, сондай-ақ Арал және Каспий теңіздерінде балық аулау қарқынды дамыды. Қазақтар балықты тағам ретінде тұтынды және сату үшін аулады.

🔗 Әсіресе, Сырдария өзені мен Арал теңізінде бұл кәсіп кең етек алды. Мәселен, XX ғасырдың бас кезінде онда 10000-ға дейін балықшы қазақтар болды. Балық аулаудың қарқынды дамуына Орынбор-Ташкент темір жолының салынуы қатты ықпал етті.