💭 Жәрмеңкелерде тек сауда-саттық жасалып қойған жоқ. Мұнда алуан түрлі ру мен халықтардың өкілдері бас қосып, пікір алысатын. Осылайша байланыс жасап тұратын бір маңызды орынға айналды.
⚪️ Қазақ және орыс халықтары өкілдерінің өзара тамыр-таныстығы да осындай жәрмеңкелерден басталатын.
⚪️ Жәрмеңкелерде ірі-ірі спорттық шаралар, ат жарыстары, ұлттық ойын түрлері өткізіліп тұратын. Қазақтардың әртүрлі руларының, кейде тіпті барлық жүздерінің өкілдері күш сынасатын жарыстар да өткізілетін. Жәрмеңкеге жиналғандар түрлі спорт ойындары мен жарыстарды тамашалайтын. Ақындар айтысқа түсіп, бақ сынасатын.
⚪️ Жәрмеңкелерде қазақтың Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Майра Шамсутдинова, Әсет Найманбайұлы, Әміре Қашаубайұлы сияқты көптеген сал-серілері мен ақындары да жиі келіп тұрды.
⚪️ Саяси өмірдегі оқиғалар шиеленісіп қыза түскен кездері жәрмеңкелер өкімет билігінің жоғары органына жазбаша шағым түрінде петициялар жолдайтын орынға да айналды. Мәселен, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен атақты Қарқаралы петициясы жазылды.