Көшпенділердің жол серігі

Автор: редактор 15 сентября, 2022


📌 Енді қарастырып отырған өркениеттің кеңістікті игеру құралдарына тоқталып өтейік. Бұл жерде ең алдымен көшпелілер өміріндегі жылқының ерекше бір қызметіне назар аударған жөн. Жылқыны адам еркіне көндіру арқылы адамзат кеңістікті меңгеру ісінде үлкен қадам жасады. К.Ясперстің пікірі бойынша, тағылықтан өркениетке өтуде жер суару жүйелерін жасаумен, жазудың ашылуымен, этностардың пайда болуымен қатар жылқыны пайдалана білу адамзат үшін өте маңызды болды.

🐎 Жылқыны пайдалана білу шектелген кеңістіктен бүкіл әлемді игеруге бағытталған қадам еді. Бұл әртүрлі мәдениеттердің сұхбаттасуына мүмкіндік берді. Әрине, бұл сұхбаттасу көптеген жағдайда зорлық-зомбылық арқылы жүзеге асқанын ұмытпаған да жөн.
Сонау көне заманнан халықтар солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа қарай (немесе керісінше) қозғалыста болған.

◽️ Белгілі болжам шумерліктердің Қосөзен аңғарына Орталық Азиядан келгенін, үндігерман тайпаларының оңтүстікке жылжып, Үнлістан, Иран, Грекияға енгенін, түрік тайпаларының Кіші Азияны жаулап алғанын көрсетеді. Қытай империясы мен Үндіге көшпенді түрік-моңғол тайпалары ылғи қысым жасап отырған. Белгілі ғұлама А.Вебердің пікірі бойынша, көшпелі тайпалардың кеңістікті игеруі «халықтардың Ұлы қоныс аударуы» атты құбылысты әкелді.

◽️ Бұл қазіргі өркениетгердің қалыптасуына үлкен себебін тигізді. Осы айтылғандардан адамзат тарихында жылқыны пайдалана білудің маңызы зор болғандығын көреміз.
Жылқыны кеңістікті жеңу мақсатында әсіресе, көшпелі халықтар шебер пайдалана білген. Ат пен көшпенді біріккен жан болып көрінеді. Мұны көрші халықтардың миф-аңыздарынан да анық байқаймыз.

◽️Мысалы, ежелгі грек мифологиясындағы қанатты түлпар Пегас бүкіл елді қан қақсатқан жауыз Химераны өлтіруге көмектеседі. Ал салт атты көшпенді скифтің метафорасы — кентавр Хирон өзінің досы атақты Прометейге көмек беру үшін мәңгілік өмірден бас тартады. Бұл сарынды ертедегі шумерлік жырдағы Гильгамеш пен көшпенді Энкидудың достығынан да аңғарамыз.

◽️Атқа мінген адам жерден өзінің босай бастағанын, еріктілік мүмкіндіктерінің молайғанын және ғарышқа жақындай түскенін сезінеді. Жер-Ана оны қаншама босатқысы келмесе де, ол шексіз әлемге өзінің қадамын нық басады. Халық дәстүрінде де тәй- тәй қадам басқан нәрестенің тұсауын кеседі.