Миллион сомнан астам айналым жасаған Қоянды жәрмеңкесі туралы не білеміз?

Автор: редактор 08 Маусым, 2022


💭 1848 жылы Қарқаралы қазақ стансасынан 52 шақырым Қоянды деген жерде айырбас сауда орталығы ашылды. Жәрмеңкенің негізін қалаушы ялуторлық көпес В. Ботов болды.

🔹 Жәрмеңке жыл сайын маусымның 15-і басталып, шілденің 15-іне дейін өткізіліп тұрды. Алғашқыда оның аумағы 2 шаршы шақырым ғана еді. Кейіннен осындағы Талды даласы түгелдей қайнаған қызу сауда алаңына айналып кетті. Жәрмеңке ұзындығы 11 шақырым, ені 5 шақырым алқапты алып жатты.

🔹 1890 жылы мұнда 1 шіркеу, 199 сауда нүктесі, 42 тұрғын үй және 707 киіз үй болды. Жәрмеңкеде павлодарлық көпес Деровтың үлкен жеке дүкені ашылды. Қоянды пошта бекетінің ғимараты да, поштателеграф бөлімшесінің үйі де, мұсылмандардың намаз оқитын ғибадатханасы да осында орналасты. Жәрмеңкеге келушілер қымызханалардың қызметіне ерекше риза болды.

🔹Қазақтар жәрмеңкеге қымызды молынан жеткізіп тұрды. Қымыз үлкен ыдыста бес биенің сабасында сақталды. Ресейдің қаржы министрлігі Қоянды жәрмеңкесінде Мемлекеттік банк бөлімшесінің ғимаратын салдырды.

🔹Сауда қатарларының аяқ жағында «шенеуніктер орыны» деп аталатын квартал орналасты. Онда Мемлекеттік банк бөлімшесі, пошта-телеграф кеңсесі салынды.

🔹Қарқаралы уезі бастығына, бітістіруші судьяға, мал дәрігерлері мен адам дәрігерлеріне, сондай-ақ полиция қызметкерлеріне арналған қонақ үйлер де осы жерде еді.

🔹Жәрмеңкедегі сауданың жылдық айналымы 2—3 миллион сом-ға дейін жететін.

🔹Жәрмеңкеде қазақтардың болыстары бас қосып, жиын өткізіп тұратын. Сондай-ақ билердің төтенше болыстық съездері де осында өткізілетін. Алым-салық жинаушылар да осында бас қосатын. Қоянды жәрмеңкесі 1924 жылға дейін жыл сайын өткізіліп келді. Оның қазақ даласындағы сауданы дамытуда орасан зор маңызы болды.