Ғұндар саудасында экспорттық және импорттық байланыс қалай жүрді?

Автор: редактор 12 марта, 2022


🖊 Ғұндардың саудасы мен экономикасы туралы алдыңғы жазбалардан бастап айтып келеміз. Олардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығы басты рөл атқарды. Жылқының асыл тұқымдарын өсіріп, ат баптауды жетік меңгерген. Ғұндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Олар дәнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Қолөнері мен бейнелеу өнері жоғары деңгейде болған. Бұл ішкі сауданың қарқынды дамуына әсерін тигізді. Осылайша экономикалық жағдайлары шаруашылық түріне байланысты дамып отырды.

🖊 Ғұндар экспорттық және импорттық байланыста айырбас сауда түрін қолданды. Нақтырақ айтсақ, өз араларында және өзге елдермен екі жақты келісім бойынша бартерлік қызмет түрін енгізді. Нәтижесінде, ішкі және сыртқы саудада белгілі бір тауарды, мүлікті, малды баспа-бас айырбастап отырды. Импортпен қатар, экспорттық байланыс елдер арасындағы экономикалық қатынастардың негізін құрады.

🖊 Мәселен, ғұндар мен Қытай арасында айырбас сауда жүріп тұрды. Бұл, әсіресе ғұндар үшін өте тиімді болды.

🖊 Біздің заманымызға дейін 158 жылы шекарадағы сауда көздерін кеңейту мақсатында тәңірқұты Қытайға қарсы соғыс ашты. Біздің заманымызға дейін 152 жылы ғұндармен тағы сауда жөніндегі шартқа қол жеткізеді. Нәтижесінде, шекаралық аймақтарда сауда орындары ашылады.

🖊 Сонымен қатар салықты да белгілі бір тауарлар, бағалы сыйлықтар арқылы төлеп отырды. Бұған бір мысалды келтірейік.

🖊 Біздің заманымызға дейін 209 жылдан Ғұндарды Мөде басқарды. Мөде билік еткен алғашқы жылдардың өзінде Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, қатты соққы берді. Кескілескен күресте әскери-саяси қуаты басым Хань әулетін ғұндардың Ордостағы көшіп жүретін жерлерінен дәмеленуден бас тартуға мәжбүр етті.

🖊 Хань императоры Гаоцзу Мөденің алдында бас иіп, онымен «тыныштық және туыстық туралы шартқа» қол қоюға мәжбүр болды. Бұл шарт бойынша ол Мөдеге өзінің ханшасын әйелдікке беруге және жыл сайын «сыйлық» ретінде салық төлеп тұруға міндетті болды. Кейін ол салықты үнемі төлеп тұрды.

🖊 Міне, бұл ғұндардың экономикалық жағдайының бір сипатын көрсетеді. Яғни, олардың ішкі және сыртқы экономикалық жағдайының дамуында бартерлік қатынас үлкен рөл атқарды.