🔺 Оғыз мемлекеті Еуразияның саяси және әскери тарихында маңызды рөл атқарды. 965 жылы оғыз жабғуы мен Киев князі Святославтың арасында хазарларға қарсы бағытталған әскери одақ жасалды. Мұның нәтижесінде Хазар қағанаты талқандалды.
◾️ Киев Русінің оғыздармен әскери-саяси одағы олардың саяси және сауда-экономикалық мүдделерінің бір болуынан туындады. Хазариямен бәсекелес болған ежелгі орыс мемлекетіне одақтас керек болды.
◾️ Екінші жағынан, феодалданып келе жатқан көшпелі оғыз шонжарлары өздерінің малына жайылымға, Дон және Қара теңіз маңындағы далаларға өте мұқтаж болды. Ал оған жетуге Хазария бөгет жасады.
◾️ Оғыздарды Еділ бойынан, Маңғыстаудан, Үстірттен өтіп, Еуропаны Азиямен жалғастыратын аса маңызды жолдар барынша қызықтырды. Бұл сауда жолдарын өз бақылауында ұстауға ертедегі орыс мемлекеті де мүдделі болатын. Хазарияның талқандалуы орыс көпестеріне Шығыс елдерінің бай нарығына жол ашты. Осының бәрі оғыз жабғуларын сыртқы саяси бағытында орыс князьдерімен одақ жасасуға бағдар алуға итермеледі.
◾️ 965 жылы Хазария жеңілгенге дейін оғыздар хазар қағандарымен ұзақ уақыт күрес жүргізді. Оғыздардың хазарлармен қан төгіс шайқастары, Маңғыстауға батыс жағынан іргелесетін далаларда өткен болса керек. X ғасырдың орта кезінде Каспий теңізінін солтүстік-шығыс жағасына дейін жеткен Хазар державасының шекарасы осы жерден басталатын еді. Хазар қағанатының талқандалуы оғыз державасының саяси қуатынын өсуіне себепші болды.