Отырар теңгелері туралы не білеміз?

Автор: редактор 28 Сәуір, 2022


🪙 Отырар алқабында қола теңгенің бірнеше түрі шығарылды. Бұл теңгелердің бет жағында шаршылы садақ және конус тәрізді құрбан шалатын орын, «X» нысанды таңбасы бар белгілер бейнеленген. Оларды Қаңлы мемлекетінің мұрагері, түрік бірлестігінің әртүрлі билеушілері соқтырған болса керек.

🖇 Шу аңғарының қалаларында ақшамен сауда жасаудың дамығанын түргештер мен тухустардың теңгелері дәлелдейді. Олар VII — VIII ғасырларда қағанаттарда шығарылған. Бірақ XI ғасырға дейін айналыста болды. Жетісу теңгелері диаметрі 12 миллиметрден 28 миллиметрге дейін жететін, ортасында шаршы тесігі бар, мыстан құйылған дөңгелек болып келді.

🔍 Ең көп тарағандары — «түргеш» және «тухус дөңгелектері» дейтін теңгелер. Түргеш теңгелері қаған атынан шығарылған. Мұны олардың бір бетіне айналдыра «Түргеш қағаны (Құдайдың қалаулысы) мырзаның теңгесі» немесе «Түргеш қағаны мырза» деген соғды жазуы дәлелдейді.

🔍 Тухус теңгелерінің көлемі кішірек әрі сапасы нашар болған. Жетісу жиынтығы арасында бұл теңгелер төрт түрге бөлінді. Олардың ішінде таңбалардың түрлі нұсқалары салынуымен, түсінік сөздердің болуы немесе болмауы арқылы ажыратуға болады. Теңгелер салмағы мен дайындалу тәсілі жағынан әртүрлі еді. Яғни, не құйылған, не соғылған болып келді.

🔗 Соңғы онжылдық ішінде жергілікті жерде Арслан әулеті соқтырған теңгелер тобы анықталды. Арслан, Қарахандардың алдындағы әулет болса керек. Невакет камалын (Қызылөзен қаласының жұрты) қазған кезде осындай теңге табылды. Қола шеңберінің диаметрі 20—22 мм, шеңбер ішінде шаршы тесігі бар, теңгенің салмағы — 2,35 г. Соғды курсивімен сағат тіліне қарсы: «Арслан-білге қаған мырза. Фан (Чаглан)»,—деп түсінік берілген.

🖇 Жергілікті теңгелердің Отырар жиынтығы Жетісуға қарағанда неғұрлым ертеректе қалыптасқан. Алайда ол Жетісуда неғұрлым көп таралған. Мұнда жүздеген теңге табылды. Ал Отырардан он шақтысы ғана табылған еді.