Сақтарда қандай ақциялар болғанын білесің бе?

Автор: редактор 09 марта, 2022


Көшпенділер дәуірінде ақша құны белгілі бір мал басымен өлшенгенін айтып келеміз. Нақтырақ айтсақ, қой-жылқының белгіленген бағасы болды. Соған байланысты тауар айырбасы қарқынды жүрді.

Ал бүгін сақтардағы акция тақырыбына тоқталамыз. Иә, олар өз дәуірінде “акция” ұғымының балама түрін қолданды. Әрине, бұл шаруашылықпен тікелей байланысты болды. Яғни, акция үлесінің орнына жайылымға жарайтын шұрайлы жерлерді игерімге пайдаланды.

◾️ Б. з. б. II мыңжылдықтың ортасына қарай шаруашылықта алыс жерлерге көшуге және қысты күні тебінгілі жайылымға бейімделген қой мен жылқы сияқты жануарлардың үлес салмағы күрт өседі. Тұрғындардың көшіп-қонуы артып, далалық жайылым алқаптарын игеру үрдісі жүріп жатты.

Қазақстан аумағында б. з. б. II мыңжылдықтың орта шенінде болған тұңғыш ірі қоғамдық еңбек бөлінісі шаруашылық қызметінің жаңа түрі — көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығының біржола қалыптасуы үшін қажетті алғышарттар жасады.

◾️Б. з. б. II мыңжылдықтың аяғы мен I мыңжылдықтың басында, басқа далалық аудандардағы сияқты, Қазақстанда да климат өзгеріп, барған сайын қуаң тарта берді. Табиғи су көздері кеміді, оның өзі үлкенді-кішілі өзендердің жайылмаларында егіншіліктің өрістеуін тежеді, ал кейбір аудандарда оны күрт қысқартты. Ежелгі тайпалар өз өндірісін тез жетілдіре алмады. Олар орын алған жағдайдан шығудың бір ғана жолы— жер аумағын кеңейту деп білді. Осылайша, мал шаруашылығының көшпелі және жартылай көшпелі түрлеріне ауысу басталды.

◾️Көшпелі мал шаруашылығына көшу дала мен шөлді жерлердегі тайпалар өмірінде экономикалық ірі прогресс болды.

◾️Ежелгі авторлардың еңбектерінде Еуразия далаларындағы мал өсіретін тайпалардың шаруашылығы мен тұрмыс салты сипатталады. Оларда «Суы мол, шөбі шүйгін өpic қарап, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүреді» деген бір ғана тұжырым жиі қайталанады. Яғни, бұл тұжырымнан экономикасының дамуы үшін олар жайылымға жақсы жерді таңдағанын аңғарамыз.