Сақтардағы бартерлік қарым-қатынас

Автор: редактор 21 февраля, 2022


Сақтарда да бартерлік қарым-қатынас орнағанын білесіз бе?

📍Сақтар Қазақстан аумағында құрылған алғашқы тайпалардың бірі. Олар мекен еткен дәуірді тарихта ерте темір ғасыры, ерте көшпенділер дәуірі деп атайды.

Темірдің шығуы және шаруашылыққа бет бұруы сақтар мәдениетінің дамуына айтарлықтай әсерін тигізді. Олардың көшіп-қонуы, тұрмысы, басқа мәдениеттермен ара-қатынасы көшпелі тайпаларға ортақ ерекше мәдениеттің пайда болуына түрткі болды.

📍Б. з. б. I мыңжылдықтың басынан осы заманға дейінгі кезеңді алып қарастыратын болсақ, темір дәуірі адамзат тарихында қола дәуірін алмастырған, аса маңызды әлеуметтік-экономикалық, саяси – технологиялық өзгерістерді дүниеге әкелген жаңа кезең. Бұлай айтуымыздың да жөні бар.

Cебебі осы кезеңде көптеген өзгерістер орын алды. Мәселен, олардың негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болды. Ал аталмыш шаруашылық түріне көшу – олар үшін үлкен экономикалық серіпіліске алып келді. Адам еңбегі өнімді бола бастады. Көптеген жаңа мүмкіндіктер ашылды.

🔺Бұл дәуірде сақтар өз араларында “бартерлік” қатынас орната білді. Нақтырақ айтсақ, мал өнімдері мен басқа да тұрмысқа қажетті тауарлар айырбас бағамен жүрді. Ақшаны пайдаланбай өнімдер мен қызметтерді өзара келісім бойынша бір-бірімен алмастырып отырған.

Әсіресе, малшылар мен егіншілер арасында айырбас сауда жақсы дамыған. Бұл көшпелі халықтардың отырықшы өркениет орталықтарымен сауда қарым-қатынасының дамуына септігін тигізді. Еңбек өнімділігі артты. Мал басы көбейіп, ет-сүт, тері-жүн, астық өнімдерінің молаюына мүмкіндік берді.

Сақтар көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы шаршауашылықтарды үйлестіре білді. Көшпелі мал шаруашылығы негізінен Батыс және Орталық Қазақстанның далалық аймағында дамыса, жартылай көшпелі мал шаруашылығымен негізінен Шығыс Қазақстан, Жетісу, Батыс және Орталық Қазақстанның далалық таулы аймақтарында, Тянь-Шань, Алтай тауларының етегінде айналысты.

Ал отырықшы мал шаруашылығы Оңтүстік Қазақстанда Талас, Шу, Сырдария, Келес өзендерінің бойларында дамыды. Осылайша, көшпелі және жартылай көшпелі аудандарда жылқы, қой, түйе, ал отырықшы аудандарда көбіне ірі қара мал түлектерін өсірді.

🔺Сақтар өзге мемлекеттермен де бартерлік мәміле орната алды. Өздерінің солтүтік, шығыс және батысындағы көршілерімен туыстық, саяси, шаруашылық қарым-қатынаста болды. Археологиялық қазба жұмыстары сақтардың ежелгі дүние өркениеттері – Ассирия, Бактрия, Хорезм, Қытай, Үндістанмен сауда және мәдени байланыстарының болғанын дәлелдейді.

🔺Сонымен қатар сақтардың саяси тарихында да бартелік қатынас орын алған. Мәселен, парсы патшасы Дарий I б.з.д. 519-518 ж. жорықтарында кейбір сақ тайпаларын бағындыра алды. Дегенмен олар алым — салық төлеуге мәжбүр болған жоқ. Әйтсе де сақтардың бір бөлігі парсы әскері құрамына атты әскер ретінде қызмет етіп, грек — парсы соғыстарына қатысқан. Бұл айырбастың тек саудада ғана емес, саяси жүйесінде де кең етек жайғанын көрсетеді.