Сауда қарқынды дамыған Қазақстанның ежелгі қалалары

Автор: редактор 28 июля, 2022


💭 6 – 9 ғасырларда Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-Батыс Жетісуда қала мәдениеті жақсы дамыды.

📌Саяси жағынан бұл аймақтар түрік әулеттеріне бағынды және реті бойынша Батыс Түрік қағанаты, Түргеш, Қарлұқ қағандықтарының құрамына енді. Бұл кезеңде көшіп жүретін жер аумағы шектеліп, көш жолдары қалыптасты, тұрақты қыстаулар мен жайлаулар орнығып, егіншілік пайда болды, отырықшы кедейлер тобы бөлініп, жекелеген рулық топтар отырықшылыққа көшті.

Мемлекеттік төрешілдік аппарат құрылып, ортақ тіл мен жазу қалыптасты, сауда және дипломаттық байланыстар дамыды. Осындай жағдайда әкімшілік және қолөнер, сауда, мәдениет орталығы ретінде қалалар салына бастады.

📌Оңтүстік Қазақстандағы ең ірі қала Исфиджаб саналды. Ол 629 ж. Сюань-Цзянның жылнамасында “Ақ өзендегі қала” атымен алғаш аталады. Кейін Махмұт Қашқари Сайрам – ақ қаланың аты Исфиджаб кейде Сайрам деп те аталғанын жазады.

📌Сайрамнан Шашқа баратын жол бойында 8 – 10 ғасырларда Газгирд (Қазығұрт) болған. Исфиджабтың шығыс жағында Шарап, Будухкет, Тамтаж, Абараж, Жувикат қалалары мен елді мекендері орналасқан. Шарапқа – Төрткөл Балықшы, Будухкетке Қазатлық қалаларының жұрты сай келеді.

📌Тамтаж, Абараж – керуен сарайлары іспетті. Арыстың төменгі ағысында орталығы Отырар қаласы болған Фараб (Отырар) өңірі жатты. Отырар аты 8 – 9 ғасырларда жазба деректерде аталады. Оның Фараб, Тарбанд секілді атаулары да бар. Отырардан төменірек Сырдария бойындағы Шауғар өңірінде сол аттас орталығы болған. Шауғар қаласы Түркістанның оңтүстік-шығысында 8 км жерде орналасқан Шойтөбе қаласының орнында болған.

📌Оңтүстік-Батыс Жетісуда қалалардың өркендеуіне, қолөнері мен егіншіліктің және құрылыс техникасының дамуына Соғды ұрпақтарының елеулі әсері болды. 8 ғасырдың 2-жартысында олар Шу, Талас жазықтарына көптеп қоныстана бастады. Соғдылық саудагерлер Иран мен Византияны Шығыс Түркістанмен жалғастыратын Ұлы жібек жолының бойына сауда қоныстарын салды.

Осындағы Тараз және Суяб қалалары Қазақстаннан тыс жерлерге де мәлім болды. Жазба деректерге қарағанда 7 – 13 ғ-ларда осы жол бойындағы Аспара, Шігілбалық, Атын, Семекина, Талхиз, Мерке, Құлан, Испиджаб, Усбаникет және басқа қалалар да маңызды рөл атқарды. Бұл қалаларда ұсталық, зергерлік, былғары өңдеу, қыштан ыдыс жасау кәсібі өркендеді.