Өсімқорлық сауда: Ресей көпестері қазақ саудагерлерін қалай пайдаланды?

Автор: редактор 06 июня, 2022


📌 XIX ғасырдың бірінші жартысында Ресейдің қазақтармен саудасының басым көпшілігі тепе-тең баламасыз айырбас түрінде жүрді. Барлық тауардың бірдей баламалы бағасы болды. Ресей көпестері түкке тұрмайтын арзан өнеркәсіп бұйымдарын бағалы мал өнімдері мен шикізаттарға айырбас жасап, біраз пайда тапты. Мәселен, Ірбіт жәрмеңкесінде 2 сом 70 тиыннан сатып алынған қазандар мұндағы қазаққа 50 сомға сатылды.

📌 Көпестер Қазақстанға сапасыз бұйымдарын шығарды. Өсімқорлық жүйесі кең етек алды. Онымен көпестер де, қазақтар да айналысты. Олар қазақтарға өз өнімдерін малмен төленетін етіп берді. Ал оның пайыздық өсімін мал басымен алып отырды.

📌 1835 жылы Қазақстанға әкелінетін астық пен егіншілік құрал-саймандарына баж салығын төлеу алып тасталды. Бұл жағдай мен басқа да бірқатар шаралар Ресей көпестерінің Қазақстанмен сауда-саттық жасауды күшейтуге деген ынта-ықыласын арттыра түсті.

📌 XIX ғасырдың екінші жартысындағы неғұрлым ірі сауда орталықтары Ақмола, Павлодар, Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау, Қазалы және Жаркент қалалары болды. Сауда-саттық айырбас және ақшамен балама түрінде де жүргізілді.

📌 Жүк бұрынғысынша арбамен және түйемен тасылды. Әр түйеге 16 пүт жүк артуға болатын еді. Қазақ даласындағы сауда-саттыққа деген ынта-жігерді қолдау үшін түйе басына ешқандай салық салынған жоқ.

📌 Қазақ саудагерлерінің едәуір бөлігінің сауда айналымынан табатын табысы мардымды бола қоймады. Сондықтан да олар саудаға онша қызыға қойған жоқ. 1897 жылы, Ресейде өткізілген Жалпыға бірдей халық санағының деректері бойынша, Қазақстан аумағында сауда-саттықпен айналысатын адамдардың саны 40 мыңға жуық болса, соның ішінде қазақтардың саны небары 4,6 мың немесе 11 пайыздан сәл-ақ алатын еді.