Түргеш мемлекетінің монеталары қандай үлгіде соғылды?

Автор: редактор 31 марта, 2022


🖋 Бүгін сендермен Түргеш мемлекетіндегі теңгелер туралы сөз қозғаймыз. Түргештердің мыс ақшасы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде сақталған. Ол 2006 жылы «Сидақ» ортағасырлық қала жұртында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған.

🖋 Әзірет сұлтан мемлекеттік трихи-мәдени музей қорығының мәліметтеріне сүйенсек, тиын дөңгелек пішінді, ортасында шаршы пішінді тесігі бар. Бұл типті ақшалар VIII ғасырда Түргеш қағанатының билік құрған тұсында Тараз және Суяб ақша сарайларында соғылып отырған.

🖋 Сонымен қатар монеталары Тан империясының «кайюань тунбао» үлгісінде соғылып отырса, соғдылық ақшалар үлгісінде құйылған. Аталмыш ақшалардың көлемі 25 мм, ал салмағы 4,020 г.

🖋 Тиын шеңберінің ортасына руникалық «at» харфінің айшықты үлгісінде Түргеш теңгелері негізделіп түсірілген.

🖋 Тиынның келесі бетінде тиын жиектерін бойлай, ортадағы шаршы пішінді тесікті айналдыра соғды курсивімен «Bүy twrkys ү’ү’n pny – Қасиетті Түргеш қағаны «пани» ақшасы» жазбасы түсірілген. Тиын жиегі негізгі бетіндегідей жалпақ жиектемемен көмкерілген. Тиын шеңберінің ортасындағы шаршы пішінді тесіктің жиектері жіңішкерек қоршаумен қапталған.

🖋 Түргеш дәуірінде Соғды, Кеш, Бұхара және басқа аумақтағы қалаларда осы тәрізді монеталар ақша айналымында маңызды рөл атқарды. Түріктер мен соғдылықтар арасында сауда-саттық байланыстардың қарқынды жүруі, сондай-ақ қытайлықтармен экономикалық байланыстың кеңінен етек алуын аталмыш монеаталар дәлелдеп отыр.

🖋 Музей қорындағы бұл мыс ақша VII ғасырдың басында соғдылар мен Орта Азиялық түркілер арасында шаршы пішінді тесігі бар, қиыр шығыс елдерінің нарығында айналымда жүрген ақшалар түрінде құйылған қола монеталар қатарына жатады.