💭 ХІІ ғасырда ірі сауда орталығының бірі Сауран қаласы болды. Ортағасырда Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі осы қала еді. Бұрынғы деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған.
🔳 Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашықтың өлшемі солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай 800 м. Солтүстік батыстың оңтүстік шығысқа қарай 500 м. Мәдени қабатының биіктігі 2 метр болды. Сауран туралы алғашқы деректер 10 ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған.
🔳 Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.
🔳 Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған.
🔳 ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашық бірнеше қорғаныс қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материалдары қаланың тіршілігі моңғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген.
🔳 Сауран қаласы ХІV ғасырда Ақ Орданың құрамына кіріп, белгілі бір уақытта оның астанасы да болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды.
Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ. Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен.
🔳 Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ХVІ ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген.