Қайда тегін баруға болады?

Автор: редактор 31 мая, 2025


Құрметті оқырман! #Үйдежатпа ұжымы арнайы сіздер үшін осы демалыс күндері Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тегін баруға болатын іс-шаралар топтамасын дайындады. Ал басқа қалалардан ақпарат болмағандықтан, сіз өз өңіріңізде болатын қызық көрмелер мен іс-шараларды пікірге жазып кете аласыз.

АЛМАТЫ:

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шара

Қазақстан эстрадасының жұлдыздары мен балалар шығармашылық ұжымы сахнада өнер көрсетеді. Аниматорлар қызық шоу-бағдарламалар мен түрлі байқаулар ұйымдастырады. Ал саябақта нағыз мерекелік атмосфера орнайды.

📍 Өтетін орны: Орталық мәдениет және демалыс саябағы
Күні: 1 маусым, 11:00 – 18:00

“Нүкте мен Сызық” көрмесі

Бұл — ұстаз бен шәкірттің, Арыстанбек Шалбаев пен Айша Бақтығұлованың арасында өрбіген шығармашылық диалог. Мұндағы абстракт өнер пішін туралы емес, ішкі күй туралы сыр шертеді. Авторлардың туындылары — ақылмен емес, жүрекпен сезінуге шақыратын, әлемді эмоция арқылы бейнелейтін шығармалар. Нүкте мен сызықтың үйлесімі — түйсік пен қабылдаудың өзіндік тіліне айналған көркем әлем.

Өтетін орны: Efes Art Space, Желтоқсан даңғылы, 137
Күні: 31 мамыр және 1 маусым, 10:00 – 19:00

Спорттық отбасылық мереке

Бірінші Президент саябағында нағыз думанды күн өтеді. Қонақтарды көңілді аниматорлар, аквагрим, интерактивті аймақтар мен музыкалық қойылымдар күтеді. Сонымен қатар 2 жастан бастап кез келген адам қатысуға болатын үлкен жарыс ұйымдастырылады. Мәреге жеткен әрбір қатысушыға естелік медаль табысталып, іс-шара серіктестерінен түрлі сыйлық ұсынылады. Ендеше отбасыңызбен бірге белсенді де қызықькүн өткізуге шақырамыз!

Орны: Тұңғыш Президент саябағы
Күні: 1 маусым, 10:00-18:00

Евгений Фридлиннің “Көлеңкелер ойыны” атты жеке көрмесі

Бұл — жарық пен көлеңке, күн мен түн, жалпақтық пен мозаика арасындағы шекараны зерттеген импрессионистің тың жобасы, көркемдік тәжірибесі. Әрбір туынды — нәзік сезім мен терең ойдың жемісі. Еуропалық пейзаждар бір сәтте-ақ Алматы мен оның маңайындағы таныс мекендерге ұласып, павлодарлық ескі үйлер мен Жерорта теңізі тақырыбындағы қиялға толы көріністерге жалғасады. Көрменің әр қадамы — жаңа сезім мен эстетикалық ләззаттың көрінісі.

Өтетін орны: Ular Gallery, Панфилов көшесі, 92
Күні: 31 мамыр, 12:00-18:00

“Baqsylyq” көрмесі

Мұнда көрермен Қазақстанның заманауи өнер өкілдерінің туындылары арқылы Орталық Азия халықтарының қазіргі мәдени мұрасының шаманизм ұғымымен тарихи-әлеуметтік байланысын тамашалайды. Сонымен қатар қонақтарды тосын әрі әсерлі өнер туындылары күтеді. Олардың қатарында XVIII ғасырдан бастау алатын көне зергерлік әшекейлер сынды түрлі мәдени артефактілер де бар.

Өтетін орны: Egin Art Space, Нұрмақов көшесі, 79-үй
Күні: 31 мамыр және 1 маусым, 12:00 – 17:00

АСТАНА:

Халықаралық клоундар фестивалі

Әлемнің түкпір-түпірінен келетіниөнерпаздар қатысатын думанды шеру елорданың көрнекті жерлерін аралап өтеді. Шеру “Бәйтерек” монументінен басталып, “Хан Шатыр” сауда орталығының қарсы бетіндегі “Ғашықтар” саябағына дейін жалғасады.

Көңілді мереке Kazmedia Hall сахнасында өтетін қайырымдылық гала-концертпен түйінделмек.

Баршаңызды жарқын көңіл күй мен шаттыққа толы ерекше шараға шақырамыз!
Күні: 1 маусым, 11:00 — 16:00

«QAZAQ CONTENT» көрмесі

Көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген суретшілердің жұмыстары қойылады. Бұл – стильдік емес, мағыналық үндестікке негізделген экспозиция. Жобаның өзегі – халықтың рухани болмысы мен ішкі әлемін бейнелейтін мазмұн. Бұл – ұлттың өмірбаяны іспетті көркем әңгіме.

Өтетін орны: Forte Kulanshi Art Space, Достық көшесі, 8/1
Күні: 31 мамыр және 1 маусым, 10:00 — 20:00

Балаларға арналған мерекелік анимациялық бағдарлама

Бағдарламада крафт-ойындар, мүсіндеу, ашық хаттар жасау, қуыршақ қойылымы, аквагрим, кейіпке ену сәттері бар. Сонымен қатар Life Band тобының қатысуымен өтетін жарқын флешмоб өтеді.

Өтетін орны: “Abu Dhabi Plaza” СОСО, Сығанақ көшесі, 60/5
Күні: 1 маусым, 10:00 — 18:00

Шымкент:

«Bala Shym» өнер фестивалі

Өнер мектептері мен Оқушылар сарайының жас тәрбиеленушілері сурет, қолданбалы өнер, вокал және хореография салаларындағы өз таланттарын ортаға салады. Қонақтарды “Ертегілер елі” атты театрландырылған көрме, интерактивті алаңдар мен ұлттық ойындар, сондай-ақ балалардың қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама күтеді.
Өтетін орны: Шымкент қаласының Орталық саябағы
Күні: 1 маусым, 9:30 — 13:00

Естеріңізге сала кетейік, арнамызда пікір жазып, белсенділік танытқан 5 оқырманға Қазақстанның кез келген қаласынан кино немесе театрға 2 билет (сеанс, күн мен уақытты таңдайсыз) сыйлаймыз немесе кітап сатып алу үшін 10 мың теңгелік сертификат табыстаймыз. Сондай-ақ айдың “ең үздік пікірі” номинациясы да бар. Пікірлер саны мен сапасы бойынша қорытынды әр айдың 1-інде шығарылады. Демалыс күндеріңіз сәтті өтсін!