Қайда тегін баруға болады?(9,10 наурыз)

Автор: редактор 09 марта, 2025


Құрметті оқырман! #Үйдежатпа ұжымы арнайы сіздер үшін осы демалыс күндері Алматы мен Астана  қалаларында тегін баруға болатын іс-шаралар топтамасын дайындады. Ал басқа қалалардан ақпарат болмағандықтан, сіз өз өңіріңізде болатын қызық көрмелер мен іс-шараларды пікірге қалдыра аласыз. 

 

АЛМАТЫ:

 

🌻Асқар Есдәулеттің «көктемі об’сракт » көрмесі

Жарқын, қайталанбас, ерекше қолтаңбасы бар қазақ суретшісі өз жұмыстарын алғаш рет кең ауқымды көрерменге ұсынады. Көрмеде автордың он жылдан астам уақыт бойы жасаған 50-ге жуық картинасы мен 15 мүсіні қойылады.

Өтетін орны: Almaty Gallery, Достық даңғылы, 44

Күні: 9 және 10 наурыз, 11:00 – 19:00

 

🥀Саид Атабековтың “Мың салт аттының дұғасы” көрмесі

Қазақстанның заманауи өнерінде жетекші орын алатын суретшілердің бірі дәстүр мен заманауи құндылықтардың өзара байланысын зерттейді. Оның туындылары ұлттық бірегейлік, мәдени кодтар және жаһандық өзгерістер аясындағы ойларға жетелейді.

Орналасқан жері: Aspan Gallery, Әл-Фараби даңғылы, 140 а/3

Күні: 9 және 10 наурыз, 12:00 – 18:00

 

💐«Әлемнің бір негізі” көрмесі

Катерина Никонорованың туындылары көрерменді уақыт кеңістігіне саяхатқа жетелеп, табиғат пен өркениет арасындағы байланысты зерттейді. Қазақстандық суретші Қатипа апай есімімен де танымал. Оның шығармашылығы ежелгі тәңіршілдік пен заманауи дүниетанымды тоғыстырып, рухани өткен мен бүгінгі өмірді астастырады. 

Орналасқан жері: Esentai галереясы, Әл-Фараби даңғылы, 77/8 (Esentai Mall, 3 қабат)

Күні: 9 және 10 наурыз, 10:00 – 20:00

 

🌝«Күн шуақты қаладан жеткен отбасылық мұралар” көрмесі

Бұл көрмеде белгілі суретшілер Григорий мен Олег Пономаренконың жеке коллекциялар мен MPL Sarl қорының жинағынан алынған картиналары ұсынылады.

Өтетін орны: Ular Gallery, Панфилов көшесі, 92.

Күні: 10 наурыз, 12:00 – 18:00

 

👤«Костюм киген адам” көрмесі

Қазақстандық суретші Басма өз еңбектерінде қарапайым адамның саясаткер, шенеунік не кәсіпкер болған сәтінен бастап қалай өзгеретінін бейнелейді. Костюм, жейде мен галстук киген сәттен бастап, адам ақырындап өзге күйге ене бастайды. Уақыт өте келе, костюм адамға толық билік жүргізіп, оның санасын қарапайым халықтың мұң-мұқтажынан алшақтатады.

Өтетін орны: “Өнер” арт-кеңістігі, Шевченко көшесі, 51.

Күні: 10 наурыз, 10:00 – 19:00

 

🫶Виолетта Богданованың “Махаббат, өлім және бір бөлке нан” жеке көрмесі

Бұл көрме бар-жоғы үш туындыдан тұрады: бірі – махаббат, екіншісі – өлім, үшіншісі – тыныш ұйқыға арналған. Өлімнен қашып құтылу мүмкін емес, ал махаббаттан – мүмкін. Нанға тыныш ұйқы мен берекелі таң қажет. 

Өтетін орны: Egin Art Space, Нұрмақов көшесі, 79. 

Күні: 9 және 10 наурыз, 12:00 – 17:00

 

 

АСТАНА:

 

😻ANAU MYNAU көрмесі

Бұл көрме Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 35 дарынды суретшіні біріктіреді. Олар кескіндеме мен графика бағытында жұмыс істейді. Жас авторлардың еңбектерінен әлемді тануға, өз орнын табуға және өнер арқылы үнін жеткізуге деген ұмтылыстарын сезінуге болады.

Орны: Forte Kulanshi Art Space, Достық көшесі 8/1

Күні: 9 және 10 наурыз, 10:00 — 20:00

 

👏Мерекелік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі

Елорда тұрғындары мен қонақтары Қазақстанның түрлі өңірінен келген жергілікті фермерлер мен өндірушілердің өнімдерін сатып ала алады.

Өтетін орны: ТРЦ Koktal, Нұрғиса Тілендиев даңғылы, 12а.

Күні: 9 наурыз, 10:00 — 22:00

 

Естеріңізге сала кетейік, арнамызда пікір жазып, белсенділік танытқан 5 оқырманға Қазақстанның кез келген қаласынан кино немесе театрға 2 билет (сеанс, күн мен уақытты таңдайсыз) сыйлаймыз немесе кітап сатып алу үшін 10 мың теңгелік сертификат табыстаймыз. Сондай-ақ айдың “ең үздік пікірі” номинациясы да бар. Пікірлер саны мен сапасы бойынша қорытынды әр айдың 1-інде шығарылады. Демалыс күндеріңіз сәтті өтсін!