Кеш жарық, құрметті оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
«Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді
“2025 жылғы 17 қаңтарда «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы №573 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысы қабылданды, онда «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу жаңа қағидалары бекітілді”, — делінген хабарламада.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидаларында сұрыптау тетікті енгізу арқылы конкурстық іріктеуді жаңарту көзделген. Осылайша, осы жаңашылдыққа сәйкес қажетті балл санын жинамаған үміткерлер келесі турға жіберілмейді.
Ескере жүріңіздер!📎
Елімізде алдағы үш күнде боран мен қатты аяз болмақ
Қазгидромет» РМК мәліметінше, Қазақстанда боран мен қатты аяз күтілуде. Тіпті оңтүстік өңірлерде температура -25 градусқа дейін төмендейді.
Алдағы үш күнде қазақстандықтарды қарлы боран мен аяз күтіп тұр.
21-22 қаңтарда еліміздің көптеген өңірінде қарлы жауын-шашынмен бірге желдің күші 15-28 м/с-қа дейін күшейеді. Шығыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда ауа ағынының жылдамдығы 30 м/с-тан асуы мүмкін.
Сонымен қатар, ел аумағында боран, мұзқатқақ және тұман болады, — деп хабарлады мемлекеттік гидрометеорологиялық қызмет.
Периодтың соңына қарай температура еліміздің көп бөлігінде күрт төмендейді. Қазақстанның оңтүстік жартысында температура -25 градусқа дейін төмендесе, солтүстікте -35 градусқа дейін аяз болады.
Абай болыңыздар!📌
Қазақстанда аурухана парағы енді электронды форматта болады
Денсаулық сақтау министрлігі уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын жүргізу, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық парағы мен оның анықтамасын беру ережелеріне өзгерістер енгізетін бұйрық дайындады.
“Жалпы құжаттарды оңтайландырып, оның ішінде қағаз құжаттарды азайту аясында еңбекке жарамсыздық парағы мен уақытша еңбекке жарамсыздық сияқты анықтамаларды электронды форматқа ауыстыру көзделіп отыр”, — деп түсіндірді министрлік.
Қазіргі уақытта “Уақытша еңбекке жарамсыздық парағын беру” қызметі электронды да, қағаз түрінде де ұсынылады.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың медициналық мекемелермен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдету, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыру.
Бір жұмыс жеңілдейтін болды🔥
2025 жылы 12,4 млн тұрғын газбен қамтамасыз етіледі
Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді.
2025 жылы мемлекет жеті елді мекенді газдандыруға арналған 45 жобаны іске асыру үшін 65,9 млрд теңге бөлді. Аталған жобаларды іске асыру елді газдандыру деңгейін 62%-ға дейін арттырады немесе 12,4 млн-нан астам адам газға қол жеткізеді.
“2025 жылы Талдықорған – Үшарал магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталады. Ұзындығы 302 км магистральдық газ құбырының құрылысы жалғасуда, бұл 124 мың адамды қамтитын Жетісу облысының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс графиктен оза отырып жүргізіліп жатыр. Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд м3 МӨЗ салу жұмыстары жалғасуда. Жоба шикі газды қайта өңдеудің ұлттық бағдарламасы шеңберінде іске асырылып келеді, бұл Қашаған кен орнынан мұнай өндіруді тәулігіне 25 мың баррельге және ішкі тұтыну үшін тауарлық газ көлемін жылына 700 млн м3 ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қашаған кен орнының шикізат базасында жылына 700 мың тоннаға дейінгі көлемде сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі технологиялық кешеннің құрылысы басталды. 2026 жылдан бастап сұйытылған мұнай газының қосымша көлемі халықты автогазбен қамтамасыз етеді және өңірде мұнай-газ химиясын дамытуға мүмкіндік береді”, — делінген министрлік хабарламасында.
Енді тек іс жүзінде орындалуы қалды👍
Қазақстанда картоп бағасы шарықтап, оны экспорттауға тыйым салынды
Үкіметтің бапасөз қызметінің хабарлауынша, қабылданған бұл шұғыл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды.
Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті. Картопқа деген аса жоғары сұраныс ішкі нарыққа әсер етті. Мәселен, соңғы аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында бағаның күрт өсуі (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелді.
«Қабылданған шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарыққа қатысушылар тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған», делінген Үкімет түсініктемесінде.
Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органдары монополияға қарсы органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, жағдайға күшейтілген қадағалау жүргізеді және сауда қызметі мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы бұзған жағдайда олар нарыққа қатысушыларға шұғыл ықпал ету шараларын қабылдайды.
ҚР АШМ деректері бойынша, бүгінгі таңда қолда бар қорлар 2025 жылғы ерте егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттілікті толық жабу үшін жеткілікті. 19 қаңтардағы жағдай бойынша қорлар сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағанда 850 мың тоннадан асады (картоп өсірушілер қауымдастығы бойынша 600 мың тонна, тұрақтандыру қорларындағы 68 мың тонна, жеке қосалқы және шағын шаруашылықтардағы жертөлелерде 200 мың тоннадан астам).
Дүкен сөрелерінен бағадағы өзгерісті байқадыңыз ба? 😨