Баршаңызға сәлем, қымбатты оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
🥔 Бір адамға бес келі: Астанада картоп сатылымына шектеу енгізілді
Астанада Small және Spar дүкендер желілерінде бір адамға бес келіден артық картоп сатып алуға шектеу қойылды. Бұл шаралар бағаны тұрақтандыру және картопты шағын дүкендерге қайта сататын делдалдарды шектеу мақсатында енгізілді, деп хабарлайды елорданың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы.
Басқарма өкілдері қалада картоп тапшылығы жоқ екенін және шектеулер уақытша екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда елорда мен Алматы тұрғындары картоп бағасының күрт өсіп, килограммы 450 теңгеге дейін жеткенін байқаған еді. Сауда министрлігі бұған трейдерлерді айыптап, олардың бағаны 15%-ға қымбаттатып жібергенін мәлімдеген болатын.
Мәссаған, бұған не дейсіз? 🤔
Қазақстанда темекі мен ішімдік сатып алуға болмайтын банк картасы пайда болады
“Заман-Банк” Ислам банкі” АҚ 2025 жылдың екінші жартысында жеке және заңды тұлғаларға арналған өнімдер қатарын кеңейтуді жоспарлап отыр. Жаңа өнімдердің бірі – шариғат қағидалары мен талаптарына сай төлем картасын енгізу. Банк баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа төлем картасы белгілі бір санаттар бойынша төлемдерді шектемек.
“Атап айтқанда, бұл карта арқылы темекі және алкоголь өнімдерін сататын дүкендерде, казиноларда, букмекерлік кеңселерде, сондай-ақ бейнеойындарға төлемдер жасау шектелетін болады”, — делінген мәліметте.
Жақсы нәрсе екен👍
Бокстан 2025 жылғы Әлем кубогының кезеңі Қазақстанда өтеді
World Boxing ұйымы 2025 жылдың ресми жарыс күнтізбесін жариялады.
Федерацияның мәліметінше, 2025 жылғы Әлем кубогының екінші кезеңі Қазақстанда өтеді. Турнир 30 маусым мен 7 шілде аралығында ұйымдастырылмақ.
Бокстан Әлем кубогы – ерлер мен әйелдер арасындағы үздік боксшылардың рейтингтік ұпайлар үшін таласатын, бірнеше кезеңнен тұратын турнир сериясы. 2025 жылы жарыстың үш кезеңі жыл бойы өткізіліп, финалдық бәсекелер қараша айына жоспарланған.
Сонымен қатар, 2025 жылғы әлем чемпионатының 4-14 қыркүйек аралығында Ұлыбританияда өтетіні белгілі болды.
Спортшыларымызға сәттілік!🙌🏻
Қазақстанда “Болашақ” бағдарламасы бойынша бакалавриат қайта енгізіледі
Қазақстанда халықаралық олимпиадалар жеңімпаздарын қолдау мақсатында «Болашақ» бағдарламасы арқылы бакалавриат деңгейінде оқыту қайта қолға алынады. Бұл туралы Қазақстан Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта бакалавриатты қайта енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл тек олимпиадаларда жеңіске жеткен балаларды қолдау үшін жүзеге асырылады», – деді Әшімбаев Сенаттың пленарлық отырысында мәдениет, білім және тәлімгерлік мәселелері бойынша заң жобасын талқылау барысында.
Сенат төрағасының айтуынша, «Болашақ» бағдарламасына қатысуға арналған жаңа ережелер енгізілуде. Енді халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегерлері өз пәндері бойынша үздік шетелдік жоғары оқу орындарына бакалавриат деңгейінде түсе алады. Оқыту пәнге сәйкес мамандықтар бойынша жүзеге асырылатын болады.
Тамаша мүмкіндік🔥