Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Қазақстанда үйленген жас жұбайлардың жартысы ажырасып кеткен
Қазақстанда ажырасу көрсеткіші алаңдатарлық деңгейге жетті. Бұл туралы Мәжілісте өткен үкімет сағатында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бүгінде алимент төлемей жүрген азаматтарға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. 2023 жылы 4 642 адам әкімшілік жауапқа тартылса, 391 борышкердің ісі қылмыстық жауапкершілікке дейін жеткен.
Алайда бұл шаралардың өзі де түйткілді түбегейлі шеше алмай отыр.
“Алимент төлеуден жалтару мен балаларын асырауға ниеттің болмауы – отбасылық-неке қатынастарының дағдарысқа ұшырауының салдары. Мәселен, өткен жылы тіркелген 61 080 ажырасу фактісі осыны дәлелдейді. Бұл – неке қию санымен салыстырғанда шамамен жарты бөлігі”, – деді Ерлан Сәрсембаев.
Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстанда 124 774 неке тіркелген.
Елімізде ажырасу жағдайлары көбейіп кетіпті📍
Алдағы үш күнде Қазақстанда ауа райы қайтадан суыта бастайды
«Қазгидромет» РМК мамандары 22–24 сәуір аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің айтуынша, еліміздің басым бөлігінде ауа райы қайтадан құбылмалы сипат алады.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы өңірлерде түнгі уақытта жауын-шашын қарға ұласуы мүмкін.
Тек Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында ғана антициклон әсерінен күн ашық әрі жауын-шашынсыз болады. Сонымен қатар республика аумағында жел күшейіп, оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұруы ықтимал. Түнгі және таңғы мезгілдерде тұман түсуі мүмкін.
Температура бойынша ескерту:
Кейбір өңірлерде үсік жүруі мүмкін:
• 22 және 24 сәуірде – Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында -3°С дейін;
• 22 сәуірде – Қарағанды облысында -1°С дейін;
• 22–23 сәуірде – Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында -1…-8°С аралығында;
• 24 сәуірде – Ақмола мен Қостанай облыстарында -1…-3°С дейін.
Мамандар тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне дайын болуға және сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Синортиктер ескерту жасады🔎
Яндекс такси мен Индрайвер жүргізушілерінің жасырын табысы тексеріледі
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтардың жасырын табысын анықтау үшін жаңа бақылау механизмдері іске қосылатынын айтты.
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда алимент өндірудегі басты түйткілдердің бірі – борышкерлердің тұрақты табыс пен тіркелген мүлікке ие болмауы. Алайда бұл олардың табысы жоқ дегенді білдірмейді – кейбірі табысын әдейі жасырады.
“Борышкерлердің әлеуметтік мәртебесіне қатысты ақпарат автоматты түрде жиналады. Ол үшін біздің ақпараттық жүйеміз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасымен біріктіріледі”, – деді Сәрсембаев Мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Сонымен қатар, министрліктің назары агрегатор-платформаларға да ауды.
“Яндекс, Индрайвер сынды онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың табысы да назардан тыс қалмайды. Біз бұл бағытта да жұмыс жүргіземіз”, – деді министр.
Бұдан бөлек, қазір министрлік борышкерлердің өзге де кіріс көздерін зерттеп жатыр. Атап айтқанда, электрондық әмияндар, букмекерлік кеңселердегі қаржы айналымы, бағалы қағаздар, криптовалюта, дропшиппинг, желілік маркетинг секілді табыс көздері терең талданатын болады.
Жаңа талап орнамақ🖇️
Қазақстандық оқушылар әлемнің үздік инженерлерінің қатарына енді
АҚШ-та өткен жас инженерлер арасындағы FIRST Championship әлемдік чемпионатында Қазақстан намысын жеті команда қорғады.
Оқу-ағарту министрлігі хабарлағандай, бұл турнирге 110 елден 50 мыңнан астам оқушы қатысқан.
«Қазақстан бұл чемпионатқа небәрі бес жылдан бері қатысып келеді. Соған қарамастан, ондаған жылдық тәжірибесі бар мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекеге түсудеміз», — деді USTEM Foundation қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметов.
Хьюстондағы турнирде қазақстандық оқушылар алты бірдей марапат жеңіп алды:
Жоғары санатта (12–18 жас) Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің PID командасы еліміз тарихында тұңғыш рет жарыстың финалына өтіп, екі марапат иеленді — Motivate Award Winner және Division Finalist Award.
Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің CRISTABOL командасы техникалық және техникалық емес дағдылардың үздік үйлесімі үшін берілетін ең беделді марапат — INSPIRE Award-ты жеңіп алды.
Sana Team (Алматыдағы Білім-инновация лицейі) және Jeltoqsun (Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебі) командалары роботтар ойыны бойынша 258 команданың ішінен ТОП-20 қатарына енді.
Орта санатта (10–16 жас) — FIRST LEGO League Challenge турнирінде Астана қаласындағы «Skillset» мектебінің SKILLSET командасы Champions Award номинациясы бойынша финалист атанды.
Қарағандыдағы «Мұрагер» мектебінің RASSLEXX командасы Coopertition Award Winner марапатын жеңіп алды.
Кіші санатта (6–10 жас) — FIRST LEGO League Explore бойынша Павлодар қаласындағы «Сатурн» мектебінің ATLANTIS командасы Team Model Award марапатына ие болды.
Керемет! Құтты болсын! 😍