Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
1 маусымнан бастап Абу-Даби – Алматы бағыты бойынша жаңа рейс іске қосылады
ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстер санын арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. «Air Arabia Abu Dhabi» әуе компаниясы Қазақстанға қатынайтын рейстерді іске қосады.
Комитеттің мәліметінше, 2025 жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстанның әуе тасымалы нарығына БАӘ-нің «Air Arabia Abu Dhabi» жаңа әуе компаниясы кіреді.
«Әуе компания Абу-Даби – Алматы бағыты бойынша аптасына үш рейс жиілігімен (сейсенбі, жұма және жексенбі) тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр», делінген хабарламада.
Қазақстан мен БАӘ арасында әуе қатынасының ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
Енді туристер саны да артатын шығар👍
Заңсыз активтердің 1,4 млрд теңгесі медициналық мекемелердің құрылысына жұмсалмақ
Ақтөбе облысында медициналық мекемелердің құрылысына 1,4 млрд теңге бөлінді.
Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандар салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Ақтөбе облысында медициналық мекемелердің құрылысына Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 1,4 млрд теңге бөлінген. Қаражат 11 нысанның, яғни медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар құрылысына бағытталды.
2025 жылы Ақтөбе облысының мына аудандарында фельдшерлік-акушерлік пункттер:
* Ырғыз ауданы, Нұра ауылы
* Байғанин ауданы, Ноғайты ауылында салынады.
*
Сондай-ақ, медициналық пункттер:
* Шалқар ауданы, Шоқысу ауылы,
* Шалқар ауданы, Сарысай ауылы,
* Мұғалжар ауданы, Жарық ауылы,
* Шалқар ауданы, Тоғыз ауылы,
* Қобда ауданы, Бегалы ауылы,
* Ырғыз ауданы, Жарма ауылында салынады.
*
Дәрігерлік амбулаториялар:
* Мұғалжар ауданы, Қайыңды ауылы,
* Мұғалжар ауданы Мұғалжар ауылы,
* Алға ауданы, Маржанбұлақ ауылында салынбақ.
*
«Медициналық мекемелердің барлығы тәулігіне 25-45 келушіге қызмет көрсетуге есептелген», — деп жазылған хабарламада.
Тамаша!
Олимпиада және Паралимпиада жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы табысталды
Туризм және спорт министрлігі Олимпиада мен Паралимпиада жүлдегерлеріне мемлекеттік төлемдер жіберілгенін хабарлады.
«Үкімет 2024 жылы Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада және XVII жазғы Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы беру туралы қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, үкімет резервінен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына төлемдер жіберілді. Барлығы 49 спортшы мен 63 жаттықтырушы ақшалай сыйақы алды», — делінген ресми хабарламада.
Заң бойынша бекітілген ақшалай сыйақылар:
1-орын — 250 000 АҚШ доллары;
2-орын — 150 000 АҚШ доллары;
3-орын — 75 000 АҚШ доллары;
4-орын — 30 000 АҚШ доллары;
5-орын — 10 000 АҚШ доллары;
6-орын — 5 000 АҚШ доллары.
Ақшалай сыйақы жүлдегерлердің бірінші, жеке және бас жаттықтырушыларына да беріледі.
«Сонымен қатар Олимпиада мен Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әкімдіктер спортшыларға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер ұсынады», — дейді министрлік мамандары.
49 спортшы олжалы болды😍
“Техникалық жұмыстар жүргізіледі”. eGov порталы қазақстандықтарға ескерту жасады
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бүгіннен қалдырмай, қажетті құжаттарды жүктеп алуға кеңес берді.
«Жоспарлы техникалық жұмыстар 26 cәуір сағат 00:00-ден 08:00-ге дейін жүргізіледі. Осыған байланысты барлық қажетті операцияларды алдын ала аяқтауды және техникалық жұмыстар кезінде құжаттарды ұсыну қажет болған жағдайда олардың түпнұсқаларын дайындауды ұсынамыз», — дейді компания мамандары.
Ал eGov Mobile қосымшасында ЭЦҚ шығарылған және бұрын цифрлық құжаттар пайдаланылған болса, ол құжаттарды офлайн-режимде қолдануға болады. Ол үшін телефонды ұшақ режиміне ауыстырып, қосымшадағы цифрлық құжаттарды ашып, тіркеу орнында QR-кодты көрсету керек.
Құлаққағыс📌