Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
“Келешек” бағдарламасымен 5 жастағы балаңызға 235 920 теңге көлемінде қаражат алуға болады
2025 жылдың 12 мамырынан бастап Қазақстанда 5 жасқа толған балаларға мемлекет тарапынан 235 920 теңге көлемінде бастапқы білім беру капиталы беріледі. Бұл қаражатты алу үшін ата-аналар «Отбасы банкінде» «AQYL» білім беру жинақтау салымын ашуы қажет.
«AQYL» депозитін ашу жолдары:
1. Baspana Marketing порталы арқылы – otbasybank.kz сайтына кіріп, жеке кабинеттегі «Менің банкім» бөлімінен «Депозиттерге» өтіп, «Жаңа депозит» батырмасын басу қажет.
2. «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы – қосымшадан «Менің банкім» бөлімін ашып, «Жаңа депозитті ашу» арқылы «AQYL» салымын таңдаңыз.
3. Банк бөлімшелері арқылы.
4. Кеңесшілердің көмегімен — арнайы сілтеме арқылы өзіңізге ыңғайлы кеңесшіні таңдай аласыз.
«Келешек» бағдарламасы кімдерге арналған?
Бағдарлама 0-ден 5 жасқа дейінгі балаларды қамтиды. Оның мақсаты – ата-аналарға балалары үшін білім алу мақсатында бастапқы қаржы жинауға көмектесу. Бұл қаржыны жоғары оқу орнына немесе колледжге төлеуге жұмсауға болады.
Мемлекеттік капитал кімдерге және қанша мөлшерде беріледі?
• Барлық балаларға – 60 АЕК немесе 235 920 теңге.
• Жетім және қамқорсыз қалған балаларға – 120 АЕК немесе 471 840 теңге.
Маңызды мерзімдер:
• Егер сізде бұрыннан «AQYL» депозиті болса, 2025 жылдың 15 мамыры мен 30 маусымы аралығында қосымша келісімге қол қою қажет. Бұл келісімге қол қойылса, капитал қолданыстағы депозитке есептеледі.
• 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында 5 жасқа толатын балалар үшін де дәл осы рәсім қолданылады. Қаражат 2026 жылдың 28 ақпанына дейін аударылады.
2025 жылы «AQYL» депозитінің шарттары қандай?
• Депозит кемінде 1 жылға, автоматты түрде ұзартумен ашылады.
• Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты. Қазіргі жағдайда – 14,5%-дан төмен емес.
• Мемлекет жыл сайын барлық салымшыларға 5%, ал әлеуметтік осал топтарға – 7% көлемінде сыйлықақы есептейді.
• Сыйлықақы 1 жылдан кейін есептеледі.
• Ең жоғары сыйлықақы – 100 АЕК немесе 393 200 теңге.
Алғашқы жарна қанша?
• Қарапайым отбасы үшін – 3 АЕК немесе 11 796 теңге.
• Жетім балаларға – бастапқы жарна қажет емес.
Бюджетке қайтарылатын жағдайлар:
• Депозитке жыл сайын жарна енгізілмесе.
• 2025 жылы бұл жарна мөлшері – 24 АЕК немесе 94 368 теңге,
ал әлеуметтік осал топтар үшін – 12 АЕК немесе 47 184 теңге.
• Жетім балалар үшін жарна міндетті емес.
• Жарнаны бөліп салуға болады, бірақ жыл соңына дейін толық сома жинақталуы тиіс.
• Бастапқы капитал есептелгенге дейін салынған қаржы есепке алынбайды.
Осы талаптарды орындамаған жағдайда, мемлекет бөлген қаражат қайтадан бюджетке қайтарылады.
Талаптармен таныса алдыңыз ба?📌
Қазақстанда қалдықтар көлемі 11,4%-ке көбейді
Өздігінен шығаратын кәсіпорындардың қалдықтарын қоса алғанда былтыр 4,6 млн тонна қалдық жиналды.
Оның ішінде коммуналдық қалдықтар – 3,8 млн тонна. Жалпы бір жылда қалдық көлемі 11,4%-ке көбейген.
«Сұрыпталған қалдықтардың көлемі 2024 жылы 1,3 млн тоннаға жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 0,9% артық. Оның ішінде макулатура мен картон 10,7%, пластик көлемі – 9,9%», — деп жазды ведомстводағылар.
Қалдықтар әсіресе Алматыдан көп шығарылған. Одан кейін Қарағанды мен Астана тұр.
Былтырғы жылғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды жинайтын 811 кәсіпорын мен ұйым жұмыс бар. Ал оны сұрыптаумен, кәдеге жаратумен және көмумен 227 ұйым айналысады.
Сұмдық😶
“362 млн доллар жеке инвестиция”. Енді Алматы әуежайы қызметкерлерінің жалақысы өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылады
ҚР Көлік министрлігі, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Алматы қаласы әкімдігі әуежайдың даму перспективаларын нақтылауға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат шеңберінде ең алдымен әуежай қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту көзделіп отыр.
Меморандум аясында TAV Holding инвесторы мынадай бастамаларды жүзеге асырады:
• 2025 жылы әуежай қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-ға өседі;
• Қызметкерлер мен маңайдағы тұрғындарға арналған жаңа медициналық орталық ашылады;
• Биыл кемінде 600 жаңа жұмыс орны құрылады;
• ACI халықаралық стандарттарына сай арнайы оқу орталығы іске қосылады;
• Жеке қызметкерлік асхана ашылады.
Сонымен қатар, 2025–2029 жылдар аралығында әуежайды дамытуға қосымша 362 миллион доллар инвестиция салынады. Бұл қаражатқа ұшу-қону жолағы жөнделіп, жүк перроны салынады, ішкі рейстер терминалы мен жүк қоймалары жаңғыртылады және цифрландырылады, әуежай аумағында қонақүй тұрғызылып, басқа да инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады.
Тамаша!😍
Вьетнамдық инвестор Қазақстаннан әуежай сатып алуы мүмкін
Вьетнамның SOVICO Group компаниясы Қазақстанда әуежай сатып алуға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, SOVICO өкілдері елімізге арнайы келіп, инвестжобаларды талқылаған. Бұған дейін олар “Qazaq Air” әуе компаниясын сатып алған.
“Мен компания басшылығымен кездестім. Олар енді әуежайды сатып алуды немесе басқаруға алуды жоспарлап отыр. Өйткені әуе тасымалдаушысы үшін базалық әуежай қажет”, – деді Жұманғарин.
Қазіргі уақытта нақты қай әуежай туралы сөз болып отырғаны белгісіз. Алайда SOVICO Group – ірі халықаралық келісімшарттарға ие және дамуы қарқынды компания.
“Олар әуе тасымалын кеңейтуді көздейді. Демек, алдағы уақытта елімізде тағы бір ірі ойыншы пайда болуы мүмкін”, – деп түйіндеді вице-премьер.
Мәссаған, бұған не дейсіз?🤔