Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️
Елімізде 8 миллион азамат декларация тапсырудан босатылады
Жаңа Салық кодексі жобасында қарапайым азаматтарды декларация тапсыру міндетінен босату қарастырылып отыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, азаматтар бастапқы декларацияны (250-нысан) тек бір рет қана толтырады. Ал 270-нысанды мүлік сатып алу, қаржылық жағдайында өзгерістер болған кезде ғана, жыл сайын 15 қыркүйекке дейін тапсырады.
— Өз табысын өз бетінше есептемейтін азаматтарға декларацияны міндеттемейміз. Себебі олардың салық міндеттемесін жұмыс беруші немесе салық агенті орындайды. Біз әрбір қызметкер бойынша есепті жүйе арқылы жүргіземіз. Егер кімде-кім декларацияны тапсырмаса, оны бірден байқап, тіркейміз. Сондықтан 8 миллионға жуық азаматқа декларация толтырудың қажеті болмайды, — деді Біржанов.
Сондай-ақ вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда еліміздегі барлық сатып алулардың 87 пайызы қолма-қол ақшасыз, яғни электронды түрде жүргізіледі. Бұл салық органдарына қажетті ақпаратты автоматты түрде жинауға жол ашады.
Тамаша! 🔥
Зейнетақы мен жәрдемақыға 800 млрд теңге бөлінеді — Жұманғарин мәлімдеме жасады
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, 2025 жылы Қазақстанда зейнетақыларды, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді индекстеуге бюджеттен 800 миллиард теңге бөлінбек. Бұл туралы ол 23 маусымда Сенат отырысында айтты.
Министрдің айтуынша, баға өсімі халықтың қалтасына едәуір әсер етіп отыр:
– Қазірдің өзінде көптеген кәсіпорындар 2026 жылдан бастап қосылған құн салығы (ҚҚС) 20% болатынын ескеріп, өнімдері мен қызметтерінің бағасын көтеріп үлгерді. Нәтижесінде, азық-түлік бағасы 9,6%-ға, ал қызметтер құны 15-16%-ға дейін өсті. Дегенмен Үкімет бұл өсімді тежеу үшін арнайы шаралар қабылдайды, – деді ол.
Жұманғарин сондай-ақ әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға қолдау ретінде бірінші және екінші топтағы мүгедектер үшін салық салынбайтын табыс көлемі айына 289 мың теңгеден 1,6 млн теңгеге дейін ұлғайтылғанын атап өтті.
– Бұл бастама 350 мың салық төлеушінің 12 миллиард теңгеге дейін үнемдеуіне мүмкіндік береді, – деді министр.
Сөз соңында ол әлеуметтік төлемдердің индексациясы бюджетке салмақ түсірмей, халықтың әл-ауқатын сақтауға бағытталғанын айтты.
Осы жылы Қазақстанда зейнетақыларды, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді индекстеуге бюджеттен аталған сома бөлінеді📌
4,5 сағаттан артық үзіліссіз көлік басқарған жүргізушілерге айыппұл салынады
“Тахограф” акциясы басталды: жүргізушілердің жұмыс уақыты қатаң бақыланады
Көлік министрлігі 2025 жылғы 20 маусым мен 20 шілде аралығында автобус және жүк көліктері жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін қадағалауға арналған “Тахограф” акциясын іске қосты. Бұл туралы министрлік ресми хабарлама таратты.
Акция барысында тахографпен жабдықталған көлік құралдарының тәртібі тексеріледі. Оған мынандай санаттағы көліктер жатады:
– қауіпті жүктерді тасымалдайтын;
– жолаушылар мен жүкті халықаралық бағытта жеткізетін;
– облысаралық, қалааралық тұрақты және тұрақты емес бағыттарда жолаушылар тасымалдайтын көліктер.
Ведомствоның мәліметінше, жүргізуші көлік құралын бір тәулікте 9 сағаттан артық басқармауы тиіс. Ал 4,5 сағат үздіксіз көлік жүргізгеннен кейін кемінде 45 минут үзіліс жасау міндетті.
Ережені бұзған жағдайда тасымалдаушыларға 5-тен 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, ал жүргізушілерге 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған.
Министрлік бұл шаралардың жол қауіпсіздігін арттыруға және жүргізушілердің еңбек құқықтарын сақтауға бағытталғанын атап өтті.
Құлаққағыс📍
Енді сим-карталарды таратқан мобильді операторлар жауапқа тартылуы мүмкін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде интернет пен телефон алаяқтығы мәселесіне ерекше тоқталып, бұл қылмыстардың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, алаяқтық әрекеттердің артында, әдетте, шетелде әрекет ететін, тыңғылықты ұйымдасқан қылмыстық топтар тұрады. Бұл тергеу амалдарын қиындатып, құқық қорғау органдарына үлкен кедергі келтіреді.
– Сондықтан алдын алу шараларының маңызы өте зор. Осы мақсатта былтыр Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық құрылды. Ол күмәнді операцияларды анықтап, бұғаттап отырады. Сонымен қатар өз инфрақұрылымдарын пайдалана отырып жасалған алаяқтықтар үшін банктер мен ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік жүктеуіміз керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы азаматтардың жеке деректерінің қорғалуына да баса мән берді. Оның айтуынша, бұл үшін қаржылық сауаттылықты арттырып, қоғамда алаяқтыққа қарсы иммунитет қалыптастыру қажет. Бұл ретте депутаттармен бірлескен жұмыс күшейтілмек.
Тоқаев алаяқтардың адамды алдап, өз шоттарын пайдалануға көндіретін айлаларын да қауіпті үрдіс деп атады. – Соңғы бір жарым жылда мұндай жағдайға 50 мыңнан астам азамат тап болды. Олардың басым бөлігі – жастар. Бұл өте алаңдатарлық. Сондықтан қаржы нарығын реттеу агенттігі банктермен бірлесіп, мұндай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын жүйені енгізуі керек, – деді ол.
Сондай-ақ, Президент бақылаусыз сим-карта айналымына қатысты алаңдаушылық білдірді. Биылдың өзінде басқа біреудің атына рәсімделген 100 мыңға жуық сим-карта анықталған.
“Бұл – алаяқтық пен басқа да қылмыстық әрекеттерге жол ашатын жағдай. Үкіметке мобильді операторлардың жауапкершілігін арттыру және сим-карта сату тәртібін қайта қарау тапсырылды”, – деді Тоқаев.
Жөн шешім екен✔️