Балалар, Телефон, Халық. 1 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 01 Ақпан, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Мектеп оқушыларына сабақ кезінде ұялы телефон ұстауға тыйым салынатын заң күшіне енді.

Парламент сенаты кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу нәтижесінде мектеп оқушыларына сабақ үстінде телефон ұстауға болмайтыны туралы заңды мақұлдады.

Заңда оқушыларға сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануға шектеу қою туралы норма бар. Ал үзіліс кезінде телефон ұстауға болады.

Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы балаларға білім беру мен олардың қауіпсіздігіне байланысты бірнеше нормамен таныстырып өтті.

«Сабақ кезінде ұялы телефондарға тыйым салу, бірінші сыныпқа тестілеусіз қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезекті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар ұсынылған», – деді сенат депутаты.

Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне арналған терезелерді қауіпсіздік құлыптарымен қамтамасыз етуге байланысты норма да бар.

Заңмен келісесіз бе?🤔

2️⃣ Қазақстан халқының саны жарияланды.

Қазақстанның Ұлттық статистикалық бюросы 2023 жылдың басынан 2024 жылдың 1 қаңтарына дейінгі халық саны туралы ақпаратты жариялады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 20 033 546 адам тұрады. Бір жыл ішінде қазақстандықтардың саны 266 739 адамға өскен.

Ең көп халық Алматы (2 228 515 адам), Түркістан (2 142 005 адам) және Алматы (1 531 044 адам) облыстарында тұрады.

Қазақстандағы миллионнан аса тұрғыны бар қалалар мен облыстар қатарына Астана (1 430 163 адам), Шымкент (1 222 055 адам), Жамбыл (1 222 597 адам) және Қарағанды (1 135 411 адам) облыстары да кіреді.
Қазақстандықтардың басым бөлігі (12 451 004 адам) қала тұрғындары. Ауылдық жерлерде 7 582 542 қазақстандық тұрады.

Халқымыздың саны арта берсін!👏🏻

3️⃣ Елімізде алғаш рет “Әншуақ” балалар әндері фестивалі өтеді.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Аталған іс-шара – өскелең ұрпақтың мәдени өміріндегі ерекше оқиға. Оның басты мақсаты – халқымыздың ұлттық ерекшелігі мен рухани мәдениетін дәріптеу.

Фестиваль аясында 1 ақпаннан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде балалар әндерінің челленджі басталады. Оған 6 жастан 18 жасқа дейінгі кез келген бала қатыса алады. Ол үшін TikTok әлеуметтік желісінде #ӘНШУАҚ ортақ хэштегінің астына балалар әнінің жанды орындалған бейнесін жүктеу қажет. Қорытындысы 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күнінде шығарылады.

Сондай-ақ, осы күні еліміздің әрбір елді мекенінде Open Air форматында концерттер өтеді. Ал елорданың өзінде “Әншуақ” фестивалінің гала-концерті өтеді.

“Фестивальдің ерекшелігі – еліміздің рухани байлығын паш ететін, ең бастысы, өскелең ұрпақтың бойында “Біртұтас тәрбие бағдарламасы» тұжырымдамасына енгізілген дәстүрлі тарихи, рухани, мәдени құндылықтар негізінде тұрақты адамгершілік қасиеттерді дәріптеуге бағытталған. Фестиваль елімізге деген мақтаныш сезімін оятуға септігін тигізеді деген сенімдеміз”, – деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.

Керемет!👍😍