«Үйде жатпа» күнтізбесі. 11 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 11 февраля, 2024


💃 Бүгін ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні аталып өтеді. Бұл әйелдер мен қыздардың теңдік үшін тарихтағы өте маңызды күні. Заманауи қоғам оның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын, өшпенділік пен кемсітушілікке жол жоқ екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Алғашқы мерекелік шаралар 2016 жылы халықаралық электр байланысы одағының бастамасымен өтті. Мұнда олар бірінші болып әйелдер мен қыздарды заманауи телеақпараттық технологияларды дамытуға белсенді қатысуға шақырды.

 

Оқырмандарымызды осы мерекемен құттықтаймыз! 

🙄Ақпанның әр екінші жексенбісі дүниежүзілік неке күні тойланады.  Қазір әлемде отбасы құндылықтары мен неке институты түсінігі айтарлықтай өзгерістерге ұшырауда. Көпбалалы отбасы дәстүрі тарихта қалып, Еуропа мен Америкада біржыныстылар мен трансгендерлер некеге тұра бастады. Бұл күн адамдарды дәстүрлі құндылықтарға — ер мен әйел арасындағы сүйіспеншілікке, адалдыққа, отбасындағы өзара сыйластыққа, серіктесі үшін өз мүдделерін беруге және құрбан етуге дайын болуға шақырады. 

Осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

😷 Бүгін — Дүниежүзілік науқастар күні. Бастамашысы — Рим Папасы Иоанн Павел II. Оған прогрессивті паркинсон ауруы диагнозы қойылған болатын. 1993 жылдан бері аталмыш күн бүкіл ғаламшарға адамдарда кездесетін түрлі ауруға бей-жай қарамауға шақырады.

 

Сіз ауру адамдарға көмектесуге тырысасыз ба?

👥 11 ақпан атақты екі адамның туған күні. 101 жыл бұрын қазақ театр және кино актері, режиссер Юрий Померанцев (1923-2022) дүниеге келді. Ол бүкіл өмірін театр сахнасына арнады. Осылайша 1957 жылы түсірілген «Біздің қымбатты дәрігер» фильміндегі доктор Лавров ролі арқылы көрермендердің есінде қалды. Ол Қазақстанның халық әртісі, «Сахнагер» және «Алтын адам» сыйлықтарының лауреаты, сондай-ақ Алматы қаласының Құрметті азаматы. 

Сонымен қатар бүгін 40 жылдық еңбек өтілі бар қазақ радиосының ардагері, телерадио дикторы Сауық Жақанова 79 жасқа толды. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Сөйлеу техникасы», «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» кітаптарының авторы. Оның үні қазақ радиосының алтын қорында сақталып, халық жадында мәңгіге қалады.